$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қаржы жымқыру схемасы, «қылмыстық марафон» – депутат білім саласындағы былықтарды айтты

Мәжілісте білім беру ұйымдарындағы бухгалтерлік есептің бизнес-процестерін қайта қарастыру талап етілді

Қаржы жымқыру схемасы, «қылмыстық марафон» – депутат білім саласындағы былықтарды айтты
Фото: freepik.com

Білім беру ұйымдарындағы бухгалтерлік есептің бизнес-процестерін, яғни, жүйесін қайта қарастыру қажет. «AMANAT» партиясы фракциясының бір топ мүшесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Соңғы кездері білім саласында миллиардтаған теңгені құрайтын қаржы жымқырудың көптеген фактілері туралы хабардар болдық. Ең ауыры, бұл қаражаттарды жымқырушылар – қатардағы бухгалтер-есепшілер. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, осы саладағы жосықсыз есепшілер қолданатын заңсыз схемалар жалақы қорынан ақша жымқыру фактілері мынадай:

- заңсыздыққа жол беріп, өз жалақысынан әлдеқайда жоғары жалақы тағайындалады.

- ресми тіркелмеген адамдарға жалақы аударылып келді;

- қызметкер пен оның карточкасы біріздендірілмеген. Яғни Пәленшеев жұмыс жасайды, ал жалақысы Түгеншеевке аударылады;

- бір қызметкерге заңсыз әрі бірнеше қаржы аударылуы;

- сондай-ақ, туыстары мен достарына ақша аударған», - деді депутат Болатбек Нажметдинұлы

Жоғарыда аталған, фактілердің орын алуы жүйелі бақылаудың болмауынан, әлі де орталықтан, ауданға, ауданнан ауылға дейінгі жүйелі байланыс орын алмай тұрғандықтан, деді депутат. Кедергісіз ұрлықтың орын алуына қазіргі еңбекақыны есептеу және төлеу жүйесі де ықпал етті.

«Жергілікті қаржылық есепте ашықтық жоқ. Бұл «өлі жандарды» жұмыста ұстауға ғана емес, сонымен қатар «виртуалды» жұмысшыларды жұмысқа алуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, Алматы, Түркістан облыстары, Талдықорған және Қызылорда қалаларының есепшілері сотталды... Кейбір азаматтар қылмыстарының әшкереленуіне байланысты өздеріне қол жұмсау, суицид фактілері көбейіп жатқан жағдайлар орын алуда. Бұл, өкінішке қарай, «қылмыстық марафонды» әшкерелеудің бастамасы ғана.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, білім беру саласы көп жылдар бойы нағыз сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналды», - деді депутат.

Тіпті, жүйеде жұмыс істейтіндер де, оны тексеретіндер де пара алған. Жақында Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы бас инспекторының 26 миллион теңгені заңсыз алғандығы анықталды.

«Білім саласындағы бақылау комитетінің Оқу-ағарту министрлігі құрылымында орналасуына байланысты салалық бақылаудың сапасы төмендеп отыр. Сонымен қатар, бұл жағдай тек «ақшаға» қатысты емес екенін атап өткім келеді. Қазақстанның болашағы үшін білім беру саласы – әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық саласы. Біздің балаларымыздың білім сапасы саладағы жағдайдан зардап шегуде және бұл шығынды монетизациялау мүмкін емес. Шұғыл түрде білім беру ұйымдарындағы бухгалтерлік есептің бизнес-процестерін, яғни, жүйесін қайта қарастыру қажет! Керек болған жағдайда бақылауды тиімділігін күшейту үшін қайта аудандық, қалалық әкімдіктерге тікелей басқаруына, сол үшін бюджеттік кодекске басқа заңнамаларға сәйкестендіруді талап етеміз», - деді Болатбек Нажметдинұлы.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН 

Серіктес жаңалықтары