Қазақстан Чэндуге сауда-экономикалық миссиясын жібереді
19 наурызда Чэндуге сауда-экономикалық миссия аясында Қазақстаннан делегация келеді

20-дан астам ірі компания Қытайдан келген бизнес-серіктестермен байланыс орнатып, олардың өндірістік алаңдарында бола алады. Биыл Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық үшін тиімді болмақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сонымен қатар, тауар айналымы жылдам қарқынмен өсуі үшін көптеген кедергі жойылып жатыр. Инвесторларға қолайлы жағдай жасалатыны туралы Қытай үкіметінің 2024 жылғы жоспарында бар.
Іріктеуге қатысқан 75 компанияның 20-ға жуығы наурыз айында өтетін сауда миссиясының құрамына қосылды. Олар «жасыл» тұтыну белсенді дамып келе жатқан қытай нарығына қатысты органикалық ауылшаруашылық өнімдерінің бай ассортиментін ұсынуға дайын. Сондай-ақ сенімді серіктестер табуға үміттенеді.
«Бізде көптеген компания экспортқа бағытталған өндірісті кеңейту үшін инвесторларды іздейді. Бұл жақсы тәжірибе алмасу. Бізде компаниялар келіссөздер жүргізген кездің өзінде жаңа ойлармен, жаңа идеялармен және компанияны дамытудың жаңа стратегияларымен келеді», - дейді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева.
Бұл өткен жылы Ухань мен Сианнан кейінгі үшінші сауда миссиясы болады. Сол кездегі іс-сапарлар мен көрмелерге қатысқаннан кейін Қазақстанның май зауыттары ғана 140 млн доллардан астам сомаға келісімшарттар жасасты. Бұл жолы олардың үлкен үміті бар.
Қазақстанның Ұлттық май өнімдері қауымдастығының өкілі Динара Бекішева Қазақстаннан Қытайға өсімдік майы және осыған ұқсас өзге тауарлардың экспортының әлеуеті үш жылға - шамамен 300 млн долларды құрайды.
«Бұл біздің сарапшының бағалауы бойынша. Біз күнбағыс майын ғана емес, рапс майын да жеткізуші боламыз деп үміттенеміз», - дейді ол.
Бизнес-миссияға алғаш рет құс өнімдерін өндірушілер қатысады. Олар үшін Қытай нарығы 20 жылға жуық уақытқа созылған тыйымнан кейін осы жылдың ақпан айында ашылды. Экспортқа 68 жұмыс істеп тұрған фабриканың бесеуі рұқсат алды.
«Қазақстан құс өсірушілер одағы» қауымдастығының президенті Руслан Шәріпов сауда миссиясынан не күтетінін айтты.
«Қытай - біздің ең жақын көршіміз. Онда тұтынушылар көп. Сондықтан біз бұл сапарды көптен бері қаладық. Біздің өнімдердің бағасы да жақсы. Қытай жағынан бізге аудиторлар келді. Біз өз өнімдерімізді Қытайға жеткізетінімізге қуаныштымыз», - деді ол.
Қытайға сиыр, шошқа әкелуге шектеулер алынып тасталды. Аусылға байланысты бұл өнім 2022 жылдан бері экспортталмаған. Әзірге тек екі зауыт 8 мың тоннаға дейін жеткізуге дайын. Бұл елдегі сиыр етінің барлық өндірісінің 1,5%. Аккредиттеу кезегін ондаған тауар өндірушілер күтеді.
«Қазақстан Ангусы» республикалық палатасының директоры Дәурен Салықов Қытай нарығынан сапалы өнім арқылы орын алуға болатынын жеткізді.
«Қытай - ет пен тірі малды импорттау бойынша көшбасшы. Яғни, бізде нарықтар бар. Біз өз орнымызды экологиялық сапалы ет, сондай-ақ тірі мал бойынша ала аламыз. Бізде 9 млн ірі қара мал бар, жайылымдары 188 млн га, біз 25 млн ірі қара малға дейін көбейте аламыз», - дейді ол.
CGTN хабарлағандай, Қытай өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сауда серіктестерінің көшбасшыларына шығып, бас жеткізуші және сатып алушы болды. Тауар айналымы бұрынғы көрсеткіштерден едәуір асып түсті.
ҚХР-ның Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо қазақ-қытай сауда саласындағы норманы орындағанын айтты.
«Біздің елдеріміздің тауар айналымы алғаш рет 32% - ға ұлғайып, 40 млрд доллар айналымға шықты. Осылайша, мемлекет басшылары қойған 2030 жылға қарай тауар айналымын 40 млрд долларға дейін шығару жөніндегі міндет мерзімінен бұрын орындалды», - дейді елші.