80 жастағы мажар дипломаты қазақ тілін үйреніп жүр - этнограф Оңайша Мандоки
Оның қазақ тілін еуропалықтарға үйретіп жүргеніне 40 жылдан асты
44 жылдан бері Венгрияда тұрып жатқан этнограф, ұстаз Оңайша Мақсымқызы Мандоки қазақ тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, тарихын жергілікті жұртқа үйретіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Оңайша Мақсымқызы әйгілі қыпшақтанушы ғалым, танымал қоғам қайраткері, түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің жұбайы. Ол қазір зейнетке шықса да, Венгрияның жоғары оқу орнында, алыс-жақын шетел университеттерінің шақыртуымен мажарларға қазақ тілін үйретіп жүр. Оңайша Мақсымқызының бұлайша еңбектеніп, Еуропа жұртына қазақ тілі мен мәдениетін үйретуге марқұм жары ықпал еткен көрінеді.
«Өзінің тарихына терең үңіліп, тегін танығысы келетін мажарлар мен қыпшақтар қазақ тіліне қызығады. Жасы да, жасамысы да қазақ тілі сабақтарына қатысып жүреді. Мен қазір зейнетке шықсам да, университеттер, орталықтарға барып, қазақ тілі, мәдениеті туралы сабақ өткіземін. Сонда бір сағаттық лекция аз болып, 3-4 сағатқа дейін созылып жатады»,- деді ол.
Ол жұбайы Иштван Қоңыр Мандокимен 1978 жылы танысқан. Түркітанушы ғалым сол кезде Қазақстан ғылым академиясы мен Мажар ғылым академиясы Алтаистика бөлімінің бірлескен бағдарламасы бойынша Қыпшақтанудан ғылыми зерттеу жүргізуге елге келген еді. Оңайша Мақсымқызы КСРО ғылым академиясының Алматыдағы қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүреді. Қазақтың тілі, ділі, мәдениеті десе ішкен асын жерге қоятын жандар бір-бірін тауып, 1980 жылы шаңырақ көтерген.
«Екеуміз танысқанда Қоңыр қазақша судай сөйлейтін. Үйленген соң, желтоқсан айында Венгрияға кеттік. Менің құрбы-құрдастарым еріп барып, бір айдай қасымда болды. Алғаш барған кезде жергілікті халықтың тілін білмеймін, содан бір жылдай мажар тілінің курсына қатыстым. «Горький кітапханасында» жанама жұмыс істеп жүрдім. Кітапханаға Кеңес Одағынан шыққан кітаптардың тізімі келеді, мен соны оқып шығамын да, мажарша қысқаша мазмұнын жазамын. Содан кейін кітапхана қажет деп тапқан кітаптарға тапсырыс береді. Бір жыл өткен соң, венгр тілінен емтихан тапсырып, сертификатымды алдым.
Кейін Қоңырдың жанына университетке жұмысқа кірдім. Ол кісі профессор, Түркология факультетінде теорияны үйретеді. Ал мен қазақ тілінен практикалық сабақтарды өткізіп жүрдім. Дипломатия бойынша магистратура бітірдім. Қоңыр қайтқаннан кейін Лоранд Өтвөш атындағы университетте (ELTE) сабақ беріп жүрдім. Мұнда студенттері екі тіл үйреніп шығуға міндеттелген. Сондықтан қазақ тілін екінші тіл ретінде таңдаған этнограф, тарихшы, географ, музыкант, журналистер білім алатын. 1995 жылы Венгрия Еуропалық Одаққа кіргеннен кейін түркі тілдерінен гөрі, еуропалық тілдерге көп ден қойыла бастады, факультет жабылды. Менің зейнетке шығатын уақытым да жақындап қалған болатын», - деп еске алады Оңайша Мақсымқызы.
Оңайша Мандоки зейнетке шықса да әртүрлі тіл үйрету орталықтарында, мәдени орталықтарда, университет, институттарда, мектептерде қазақ тіліне қызығатын адамдарға тіл үйретуін тоқтатпаған.
«Сонау 7-8 ғасырларда келген қыпшақ-мажарлар Еуропа мәдениетін сіңіріп, өзінің діңгегінен айырылып, бұрынғы тарихын көбіне ұмытып қалған ғой. Сондықтан мені жылда мәдени орталықтарға қазақ пен мажарлардың тарихи мәдени байланысына байланысты лекцияларға шақырады. Чехия, Словакияда тұратын мажарлар да шақырып тұрады. Мажарлардың бізге алыстығы жоқ, мәдениетіміз ұқсас халық қой. Тілімізде де ұқсас сөздер өте көп. Біздің салт-дәстүріміз туралы мағлұматтарды аса қызығушылықпен тыңдайды. Кейде олардың рухын ояту үшін сабақтарды тегін өткізіп кетемін. Сексен жасқа келген Қыпшақ деген қария бар, бұрын дипломат болған, жоғары қызметтерді атқарған. Ол кісі де келіп қазақша үйреніп жүр», - деді Оңайша Мандоки.
Ол 2012 жылдан бастап Лакителек Халық институтының Шығыстану факультетінде мұғалім болып жұмыс істейді.
Қазір Мажарстанда 500 қазақ үй бар. Оның 1980 жылдары Еуропа жеріне келу тарихы да дәл осы Қоңыр мен Оңайша Мандокилерден басталған.
«Осы жерде жыл сайын жазғы демалыста шығыс мәдениетіне қызығатын студент жастарға арнап лагерь ұйымдастырылады. Сонда қазақ зергерлік өнері, тоқымашылық, сырмақтан киіз басу, қазақ үйдің құрылымы, қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрі, музыкасы, әдебиеті туралы жан-жақты білім береміз. Қоңырдың көзі тірісінде 1985 жылдан бастап Ұлы қыпшақ аймағы Қарсақ қаласы мен Кіші қыпшақ аймағы Кечкемет қаласы, мажарлардың бұрынғы орталығы - Сейкешфәхирвар қаласына шақыртумен барып, 2-3 ай бойы жастарды жинап, киіз үй тігуді, қазақша ою оюды, алаша тоқуды үйрететін едік. 1981 жылдан бастап кішкентай дорба, киізден әртүрлі бұйымдарды жасап үйретуді бастадық. Қазір сол кезде баулыған қыз-жігіттер киіз түгілі, сырмақ жасауды үйреніп алып, кейін өздерінің бір-бір мектебін ашып алды. Венгрияда қазір 500 қазақ үй бар. Біз соның бастамашысы болып, жол салып бердік», - деді ұстаз.