Қызылорда облысында алимент төлемегендердің мүлкі тәркіленеді
Өткен жылы алимент төлеуден бас тартқан 3 адам бас бостандығынан айырылды
Қызылорда облысында 300-ге жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың балалары алдындағы берешегі 130 миллион теңгеге жеткен. Қазір сот орындаушылар полициямен бірігіп, ақшаны азаматтардан мәжбүрлі түрде өндіруге көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Сот орындаушылар мен жол сақшыларынан құралған топ қала көшелеріне жүргізген рейд барысында такси қызметімен айналысып жүрген борышкердің көлігін тоқтатты. Ұзақ уақыттан бері табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматқа тиісті хаттама толтырылып, көлігі айып тұрағына жіберілді. Енді тәркіленген мүлік аукцион арқылы саудаланып, қаржысы балаларының қажетіне жұмсалады. Рейд барысында тағы бір бой тасалап жүрген қызылордалық өз үйінде ұсталды. Ол міндетті төлемін жұмысы жоқтықтан өтей алмай жүргенін айтып ақталды. Борышкер екі қолға бір күрек таппаса да жол талғамайтын жеке көлігі бар екен. Шарасы тауысылған ол темір тұлпарын сот орындаушыларға табыстауға мәжбүр болды.
Алименттен бөлек жол жүру ережесі мен құқықбұзушылық бойынша салынған айыппұлдарды да өндіру оңайға соқпай тұр. Заңды пысқырмағандарға қатысты да мәжбүрлі түрде орындату шаралары жүргізіліп жатыр.
«Ағымдағы жылдың 2 ай көлемінде 36061 құқықбұзушылық анықталып, оның 25470 құқықбұзушылығына 394 млн 381 мың тг көлемінде айыппұлдар салынды. Оның 268 млн 803 мың тг өндіріліп отыр», - деді ОПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Сәбит Сатқанбай.
Сот үкімі бекіткен борышыңды өтемесең темір торға тоғытылуың да ғажап емес. Өткен жылы алимент төлеуден бас тартқан 3 адам бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек нақты табысын жасырған мыңнан астам өңір тұрғынының ел аумағынан шығуына шектеу қойылып, есеп-шоттары бұғатталды. Биыл заң талаптарын күшейту жоспарланып отыр.