Әскерге шақыруды кімдер кейінге қалдыра алады
Денсаулықтағы кінәрат - себептердің біріне жатады
Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығының орынбасары Азамат Досымов әскерге шақыруды қандай себеппен кейінге қалдыруға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың шақыруды кейінге қалдыруды және босатуды ұсынуы «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер форматында жүзеге асырылады. Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша: отбасылық жағдайы бойынша, білім беруді жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша беріледі», - дейді Азамат Досымов ОКҚ-да өткен брифингте.
Ол атағандай, соттылығы барлар әскерге шақыртылмайды.
«Әскери қызметке шақырудан босатуға құқығы бар азаматтар денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтардан басқа, мүдделі тұлғалардан тиісті нотариалды куәландырған құжаттар мен өтініштер ұсынылған кезде олардың қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкін. Соттылығы бар азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды. Әскери қызметке жарамсыз болуы және әскерге шақырылушылардың әскери қызметке уақытша жарамсыз болуының себебі азаматтардың денсаулығындағы кінәраттары, яғни аурудың негізгі топтарына, ішкі органдардың аурулары, хирургиялық аурулар, көру органдарының аурулары», - дейді ол.
Досымовтың сөзінше, мерзімді қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта тәртіпті және жоғары нәтижелерге қол жеткізген жекелеген, неғұрлым лайықты әскери қызметшілерге ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.