$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Геннадий Шиповских синтетикалық есірткіге қарсы күресетін мекеме құруды ұсынды

Орган Президентке бағынышты болуы керек

Геннадий Шиповских синтетикалық есірткіге қарсы күресетін мекеме құруды ұсынды
Фото: kazpravda.kz

Сенатор Геннадий Шиповских еліміздің Премьер-министрінің атына жасаған депутаттық сауалында синтетикалық есірткінің таралу проблемасы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер - синтетикалық есірткінің кең таралу қаупіне ұшырайтын ең осал орта.

«Қаскөйлер есірткіні интернет-мессенджерлер арқылы арзан бағамен сатады, жастарды улайды.

2021-2023 жылдар аралығында синтетикалық есірткі заттарын таратқаны үшін 1 021 адамға қылмыстық іс қозғалды. Соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні алу көлемі 100 кг-дан 1 тоннаға дейін өсті. 2021 жылы 17, 2022 жылы 68 және 2023 жылы 81 есірткі зертханасының қызметі анықталды», - деді сенатор.

Шиповских Президентке бағынышты болатын есірткіге қарсы мекеме құруды ұсынды.

«Есірткі қаупіне белсенді қарсы тұру – мемлекет пен қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттардың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет. Мектеп, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында білімгерлерге есірткіні таратудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні тасымалдаушылардың (закладчик) санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді орынды деп санаймыз», - деді Геннадий Шиповских.

Серіктес жаңалықтары