$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Былтыр 6 мыңға жуық агрессор қамауға алынған

2770 адам қорғау нұсқамасын бұзған

Былтыр 6 мыңға жуық агрессор қамауға алынған
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әсет Құндақбаев

Қазақстан Республикасы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрліктің дәстүрлі брифингінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрестің нәтижелері жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Өткен жылы тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен, онда 79 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке, мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 130 мыңнан астам профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сонымен қатар, полиция әрбір отбасылық жанжал бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін бағалайды», - дейді Алекешев.

Оның айтуынша, өткен жылдың тамыз айынан бастап 18,5 мыңнан астам отбасы арнайы сауалнамадан өтті.

«884 отбасыда құқық бұзушылықты қайта жасау қаупі жоғары екені анықталды. Құқық бұзушыларға агрессияны болдырмау үшін өз еркімен психокоррекциялық курстардан өту ұсынылады. Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушының мінез-құлқына, оның ішінде алкогольді ішуге тыйым салуға байланысты 15 мың ерекше талап қойды. Тәртіп сақшылары мұндай азаматтарды қатаң бақылауда ұстайды. Мәселен, Павлодар облысында учаскелік полиция қызметкері қорғау нұсқамасының сақталуын тексеру барысында мас күйдегі азаматтың анасымен жанжалдасқанын анықтады. Ер адам 20 тәулікке қамауға алынды», - деді ол.

Ресми өкіл атағандай, жалпы сот шешімі бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін барлығы 2 770 агрессор және мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды орындамағаны үшін 5 926 құқық бұзушы қамауға алынды.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеу қағидаты қалыптасады. Алайда тек полицияның күшімен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу мүмкін емес. Отбасындағы жанжалдардың негізгі себептері - маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және басқа да қиындықтар. Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау жөніндегі Жол картасын іске асыруда (28.08.2023 ж). Өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында учаскелік инспекторлар қолайсыз жағдайдағы отбасыларға 67 343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасыны анықтады. 2024 жылдың қаңтар айында осындай 325 отбасы анықталды», - дейді ол.

Алекешев атағандай, оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілді.

«Мысалы, Алматы қаласында полиция қолайсыз отбасыларды тексеру кезінде жағдайы өте нашар отбасыны анықтады. Үй іші антисанитария, балалары аш, ал олардың әкелері қатты мас күйде болған. Онымен қоса, үйден оның спирттік ішімдікті бірге ішетін досы да табылған. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, балалар кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына, ал ер адам наркология орталығына емделуге орналастырылды», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

Серіктес жаңалықтары