ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әскери бұйымдарға қатысты құжатқа қол қоймаған»: 26 жасында кісі қолынан қаза болған капитанның әкесі өз шындығын айтты

Капитан Дархан Дәулеттің әкесі ұлын әлі күнге күтетінін айтты 

2024 жылы 14 қарашада Жетісу облысы Жаркент қаласында 74261 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы, капитан Дархан Дәулет кісі қолынан қаза тапты. Арада бір жылға жуық уақыт өткенде сұхбат берген марқұмның әкесі Нұрлан Мақаев ұлының саладағы заңсыздыққа қарсы тұрам деп мерт болғанын айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дархан Дәулет аз ғана ғұмырын әскери салаға арнап өтті.

«Құрлық әскерлерінің әскери институтын қызылмен бітірді. Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет етті. Он жылға келісімшартқа отырған. Демалысқа ауылға келгенде «әскерде былық көп екен, бір адамға үш адамның жұмысы жүктеледі, қағазбастылық, бәрі әскерді тастап кетіп жатыр. Келісімшартым аяқталған соң, ауылға келіп шаруашылықпен айналыссам деп едім» дейтін. Маған көп нәрсені айтпайтын еді ғой. Әскери техникаға берілетін жанармай, майлау материалдары, техникалық сұйықтықтар түгел болмай шыққанда офицерлердің мойнына ілген. 1,5 млн теңгені жалақыларынан ұстап, төлеткен. Әр келген кезінде сұраймын ғой, сондай айтатын «Көке оны не қыласыз, салаға үлкен реформа керек, адамдардың санасын өзгерту керек. Бірақ бізде сананы өзгертуге ұмтылмайды» дейтін еді. Ұлым бар ғұмырын әскери қызметке арнады. Арыс пен Тараздағы жарылыс болғанда, барып орнын тазалауға қатысты. Капитан шенін алған соң, Жаркентке ауысып келді. Осында екі-ақ ай істеді ғой. Түс көргендеймін. Әлі қайтып келетін сияқты», - дейді қаралы әке.

Нұрлан Мақаевтың айтуынша, Жаркентте де сондай заңбұзушылық болған. Дархан Дәулет оған қарсы шығып, құжатқа қол қоймай қойған.

«Жаркентке келгеніне екі-ақ ай болған кезі. Әлі ұжымға үйренбеген. Қол астында тұрған жанар-жағармай бар, көлік, мина, граната бар, соларды «списаниеге» жіберетін құжатқа қол қоймаған. Ерегіс содан шыққан. Жаркент кішкентай ауыл, ұзынқұлақтан естисің ғой. Ол жерде бәрі сатылады екен. Біреуді себеппсіз өлтіре салмайды, себеп осы болған. Штабқа бара жатқан жерінде алаңда ұстап, жабылған. Ол жерде 7-8 адам болған дейді. Бәрі азаматтық киіммен жүрген, бетперде киген. Батальон түгел терезеден төбелесті көрген, бірақ біреуі шығып көмектеспеген. Баламды ұрып-соғып, басынан темірмен ұрып, аяқ-қолын байлап, аузына қолғабын тығып, адам көрмейтін жерге лақтырып тастаған. Өлгеннен кейін бір-ақ барған ғой, хайуандар. Дәлелденбеген фактілер бар. Ұлым батальонды тексерген, сонда 5 ескерту жазып берген екен. Сержант «Капитан мырза, жазбай-ақ қойыңыз» деген. Кейін «ескерту жазып кетті, ұстаңдар» деген бұйрық болған ғой. Терезелерінде темір тор бар, бірақ оны алып-салып, кіріп-шығып жүре береді екен. Былық. Ол жерде әскери бұйымдар бар, автоматтар бар», - дейді марқұмның әкесі.

Айтуынша, сот отырысы кезінде 50 адам онлайн сұралған. Бірақ бәрі бірауыздан келісіп алғандай, «Дархан Дәулетті ұрғанын көрмедік, естімедік, ол кезде ұйықтап жаттық» деп жауап берген.

«Тек 3 сарбаз адамша жауап берді. Оларға оқиға туралы тіс жармауға бұйрық берілген. Қарауыл да көрмей қалыпты, күзет мұнарасынан да байқамай қалыпты-мыс. Батальон сержантын да, лейтенантты да қамаған жоқ, бәрі жұмыста талтаңдап жүр. Төртеуі сотталды, жазамен келімпеймін. Үшеуі ұрып-соғып, шашынан тартып тұрып фотоға түсірген. Суретті майор сұратқан. Бізге оны көрсетпей қойды. Ұлымды қарашаның суығында қорлап, далаға тастап, өздері түк болмағандай кола мен дөнерге тапсырып беріп, жеп отырған. Түнгі сағат 23.30-да істеген, кейін сағат түнгі бірдің кезінде тексеріп келгенде, ұлдың өлгенін білген. Содан кейін өзіне қол жұмсаған етіп көрсету үшін, асып тастамақ болған. Бірақ жедел-жәрдем келіп қалып, үлгірмей қалған. Майор солай адамды қинауға тарсыпма беріп отырады екен. Тәртіп болса, осылай болар ма еді?», - деді ол.

Нұрлан Мақаев қылмыскерлерге берілген жазаның жұмсақ екенін айтады, оның сөзінше кем дегенде 20 жылға түрмеге жабу керек еді. Тұла бойы тұңғышынан қапыда айырылыған шерлі әке сөз арасында өзін ұстай алмай, ағыл-тегіл жылап алды. Ол әскери саладағы тәртіптің әлсіздігіне қынжылды.

Еске салсақ, 26 жастағы Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында бес жыл қызмет етіп, 2024 жылғы қыркүйекте Жаркент гарнизонына инженерлік бөлім бастығы болып ауысты. 13 қарашадан 14 қарашаға қараған түні тәуліктік кезекшілікке түсіп, сол күні ікіс қолынан көз жұмды.  

Қылмыстық іс бойынша 1988 жылы туған майор Дархан Қазтай және 19–20 жастағы сарбаздар Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир сотталды. Сот үкімі бойынша Қазтай 15 жылға бас бостандығынан айырылып, майор шенінен айырылды және жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Бақберген Рустамұлы мен Аят Шакир 12 жылға, Нұрман Әбсадық 10 жылға сотталды.

Серіктес жаңалықтары