Зәкиева Парламентте мақұлданған заң жобасы жайлы пікір білдірді

Azattyq Rýhy

Ол зорлық-зомбылық үшін жазаның бұлтартпаушылық қағидатын қамтамасыз етеді

Зәкиева Парламентте мақұлданған заң жобасы жайлы пікір білдірді
Фото: Facebook / Dinara Zakiyeva

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Мәжілісте қабылданған заң жобасына қатысты Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз Президент тапсырмасымен мемлекеттік органдармен, депутаттармен және ҮЕҰ-ның қатысуымен бірнеше ай бойы жұмыс істеген әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Жыл басында Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ең маңызды қағидат — қоғамда бұл зұлымдыққа нөлдік төзімділікті дамытуды атап өтті. Осы постулаттың іске асырылуы зорлық-зомбылық үшін жазаның бұлтартпаушылық қағидатын қамтамасыз ететін осы Заң жобасы бола алады», - деді Зәкиева.

Ол заң жобасында кешенді тәсіл көзделгенін атап өтті:

Біріншіден, бұл келесілерге бағытталған:

  •  алдын алу шаралары; Отбасын қолдау орталықтарын әр ауданда ашу; Балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу;
  •  қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыретін бекіту;
  •  агрессормен психологиялық жұмыс (ҚР ҚК ерекше талаптар институтын енгізу аясында);
  •  зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыретін бекіту.

Екіншіден:

  •  зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке жатқызу;
  •  балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдату:

атап айтқанда, азаптау (мақаланың жаңа редакциясы); денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру үшін; кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру үшін;

  •  бала зорлау үшін бас бостандығынан тек өмір бойына ғана айыру;
  •  «Балаға жыныстық сипатта тиісу» бабын енгізу;
  •  балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарды тергеу әрекеттері кезінде қамауда ұстау;
  •  балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер);
  •  баланы автобустан мәжбүрлеп түсіріп тастау үшін жауапкершілік енгізу;
  •  буллинг үшін жауапкершілік және т. б.

«Заң жобасының жекелеген нормалары әлі де талқыланады және бұл ретте зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің ешқалай түсіндірілмейтінін және ақталмайтынын есте ұстаған жөн. Бұл, меніңше, бірауыздан келісілген қағида және қоғам үміті, петициялар, үндеулер мен ең өкініштісі — әр көрсеткішінің артында бала немесе оның анасының өмірі тұрған жантүршігерлік статистика бұған дәлел. Балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоя алатын тиімді және жұмыс істейтін заң қабылдауымыз маңызды», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.