«Қазпошта» АҚ тиесілі ғимараттардың 60% ескірген
Компанияда 20 мыңнан астам қызметкер бар

«Қазпошта» соңғы 5 жылда шығынға ұшырап отырған. Ғимараттардың жартысынан көбі ескірген, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал бөлімше басшылары болса поштадан қомақты қаражаттарды ұрлап отырған. Пошта қызметінің сапасына қатысты қоғамда сын да аз емес. Жуықта қарапайым орындықтардың да жалға алынғаны жайлы ақпарат қоғамның наразылығын тудырды. Ұлттық оператор қызметінің беделіне нұсқан келтіретін оқиғалар неге азаймай тұр? 20 мыңнан астам қызметкерге 27 мың орындықтың жалға алынғаны рас па? Компания іштегі жемқорлармен күресті қалай жүргізіп жатқанын Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрді.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде компания 27 мың орындықты жалға алғаны жайлы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты поштаның баспасөз қызметі жоққа шығарып отыр. Ел көлемінде компанияның 3 мыңға жуық бөлімшесі бар. Орындықтар қызметкерлер үшін де, клиенттер үшін де сатып алынған. Барлығы 4 587 бірлік орындық болса, әрқайсысының құны - 14 112 теңге. Тауарларды компания басшылары бөліп төлеу әдісімен алдық дейді.
«Қазпошта» АҚ-ның филиалдық желісі ауқымды. Клиенттерге қауіпсіз және жайлы қызмет көрсету үшін бар жағдайды жасау – басым шарт. Бөлімшелерге клиенттердің көптеп келетінін ескерсек, бұған дейін сатып алынған орындықтар жарамсыз болып, бірнеше рет жөнделді, бұл клиенттердің де, қызметкерлердің де денсаулығына қауіпті екені белгілі. Осыған байланысты соңғы үш жылдан бері алынбаған орындықтарды жаңарту қажеттілігі туындады. «Қазпошта» АҚ соңғы 5 жылда шығынды компания болғаны да белгілі. Іс жүзінде бюджетте үлкен көлемде жиһаз сатып алу үшін қаражат жеткіліксіз болды. Осыған байланысты компания кейіннен сатып алу және «Қазпошта» АҚ-ның теңгеріміне алу (бөліп төлеу) мақсатында жалға беру механизмі арқылы сатып алуға шешім қабылдады. Шын мәнінде бұл шешім бөліп төлеу және лизинг жүйесіне ұқсас. Қазіргі уақытта орындықтардың қажетті көлемі толық көлемде жеткізілді, енді «Қазпошта» АҚ-ның теңгерімінде болады. Төлемдер мемлекеттік бюджеттен емес, компанияның өз қаражатынан төленді», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
«Қазпошта» басшылары 2019-2023 жылдар аралығында жалпы сомасы 200 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын заңсыздықтарға жол берген. Сондай-ақ Павлодарда «Қазпошта» филиалы директорының орынбасары ұсталды. Ол мердігер ұйым өкілінен орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 2 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген еді.
«Қазпошта» АҚ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылық жасау фактісі бойынша шаралар қабылданды. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сондай-ақ ерте хабардар етудің байланыс арналары туралы түсіндіре отырып, қоғам жұмыскерлері үшін сабақтар өткізіледі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауын болдырмау мақсатында жұмыс жалғасады. «Қазпошта» АҚ барлық SMS-хабарламалар мемлекеттік тілге аударылды, қазіргі уақытта барлық клиенттер пошта жөнелтілімдері бойынша SMS- хабарламаларды екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде алады», - деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Мақсат Толықбай Мәжілістегі комитет отырысында «Қазпошта» АҚ пошташыларының жалақысына қатысты халықтың шағымын жеткізген еді. Пошта қызметкерлерінің орташа жалақысы 140 -146 мың теңге болса, шығыстағы қызметкерлер 30 мың теңгеге күн көруге мәжбүр. «Қазпошта» баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызметкерлердің жалақысын арттыру жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.
«2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өндірістік персоналдың орташа айлық жалақысы 216 789 теңгені, ал пошташыларда 168 392 теңгені (толық мөлшерлеме бойынша) құрады. Биылғы жылдың 1- қаңтарынан бастап филиалдардың өндірістік персоналына лауазымдық жалақының мөлшеріне қарамастан 15%-ға лауазымдық жалақыларды индекстеу жүргізілді. 2024 жылдың қаңтарында барлығы 16 мыңнан астам жұмыскерге жалақы индекстелді», - делінген компания басшысының жауабында.
Пошташыларға жылына екі рет, сәуір және қазан айларында пошта жөнелтілімдерін, зейнетақыларды (жәрдемақыларды), жеделхаттарды жеткізу, пошта жәшіктерінен хаттарды жаяу апаратындарға аяқ киім сатып алу үшін ақы төленбек. Қолма-қол ақшаны жеткізетіндеге қауіпсіздік үшін лауазымдық жалақының 30% (отыз пайызы) аспайтын мөлшерде қосымша ақы белгіленді. Жұмыскерлердiң көрсеткiштерге қол жеткiзгенi үшiн комиссиялық сыйақы және бонустар түрiнде ынталандыру төлемдерiн алуға мүмкiндiк беретiн мотивациялық бағдарламалар қолданылатын болды.
«Жазбаша хат-хабарларды уақтылы жеткізбеудің негізгі себептері: алушының мекенжайын дұрыс көрсетпеу, магистральдық маршруттар кестесін бұзатын ауа райы жағдайлары, автокөлік құралдарының жай-күйі (тозу, сыну), пошта жөнелтілімдерін өңдеу жылдамдығы, пошташының уақтылы жеткізбеуі. Аталған мәселелерді шешу үшін инфрақұрылымды жаңарту, пошта маршруттары үшін автокөлік құралдарын сатып алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізілмек», - делінген ресми сауалға берілген Әсел Жанақованың жауабында.
Оның айтуынша, пошта жөнелтілімдерін өңдеу және жеткізу мерзімдерін қысқарту үшін ақпараттық жүйелерде, қызмет көрсету технологиялық процестерде оңтайландыру міндеттері тұр. Одан бөлек жүйедегі деректерге интеграция жүргізіледі. Облысаралық магистральдық тасымалдауды болдырмайтын гибридті электрондық пошта қызметін дамыту қолға алынған.
«Қазпошта» АҚ қарасты 2744 нысана болса, оның 1578-і жалға алынған.1063 ғимарат жеке меншікте,103 жылжымалы пошта бөлімшесі бар. Осы нысандардың 60%-ы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
«2024 жылы 65 нысанаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 89 нысанаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 2023 жылы 22 нысанаға күрделі жөндеу жұмыстары, 28 нысанаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Пошта жөнелтілімдерін тасымалдауды қамтамасыз ету үшін автокөлік паркі жыл сайын жаңартылып отырады, былтыр 144 автокөлік сатып алынды, 2024 жылы 127 автокөлік сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда компьютерлермен, лазерлік және көпфункционалды басып шығару құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. 2024 жылдың басында 224 ауылдық пошта байланыс бөлімшелерін жаңа техникамен қамтамасыз ету жоспарланған», - делінген жауапта.