$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Семей орманы» аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу қолдау таппай отыр – депутат

Ол жаңа министр бұл жобаны қолдайтынына үміттенетінін айтты

«Семей орманы» аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу қолдау таппай отыр – депутат
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мәжілістегі Үкімет сағатында  соңғы екі жылда Қазақстан аумағында екі ірі орман өрті болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«2022 жылы Қостанай облысында болған өрт 40 мың гектарға жуық орман аумағын құртса, өткен жылы Абай облысында болған өрт 63 мың гектар орман алқабын жойды. Өткен жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Экология министріне ведомстволық бағынысты ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктерде орман өрттерінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тездетіп енгізу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берген болатын», - деді депутат.

Оның айтуынша, осындай ахуалға алып келген кейбір жүйелі мәселелер толық шешімін тапты деп айту қиын.

«Егер оларды түзетуді қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта өрт қайталануы әбден мүмкін. Өйткені алдағы жаз айлары қатты ыстық болады деп болжануда, сондықтан дайындықты қазірден бастауымыз керек. Өртке қарсы күрестің әлемдік озық тәжірибелері көрсетіп отырғандай, өрт шығуын ерте анықтау және оған шұғыл ден қою – өртті жедел әрі уақтылы сөндірудің бірден-бір мүмкіндігі»,- ол.

Ол Үкімет сағатына дайындық аясында комитеттің бір топ депутатының орман өрттерін ерте анықтаудың тәулік бойы автоматты режимде бақылайтын жүйесімен танысу үшін Бурабай ұлттық паркіне барып қайтқанын айтты.

«Жүйені енгізу соңғы 3 жылда өрт ауқымын 4 есеге (84,4 гектардан 20,4 гектарға дейін), өрт ошақтарына шұғыл ден қою уақытын 3 есеге (30 минуттан 10 минутқа дейін) төмендетуге мүмкіндік берген. Өкінішке қарай, бұл жүйе барлық орманда енгізілмеген. Биыл «Семей орманы» қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін қажет 4,1 млрд. теңге қолдау таппай отыр. Жаңа Үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, ал, тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруы қажет»,- деді ол.

 

Серіктес жаңалықтары