«Өткен ғасырдағы техника»: депутат өрт сөндіру паркі жайлы

Аягөз Құрмаш

Ол ШҚО-ның орман шаруашылықтарын жабдықтау 40% деңгейінде екенін айтты

«Өткен ғасырдағы техника»: депутат өрт сөндіру паркі жайлы
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мәжілістегі Үкімет сағатында соңғы екі жылда Қазақстан аумағында екі өте ірі орман өрті болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде анықталған жүйелі кемшіліктер қатарында орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету әлі де өзекті болып отыр және шұғыл шешуді қажет етеді. Бүгінгі көрмеде ұсынылған ақпарат бойынша біз өрт сөндіру автомашиналарының паркі мен орман шаруашылықтары жабдықтарының сын көтермейтініне көз жеткіздік. Өткен жылы Абай облысында болған өрттің талдауы көрсеткендей, арнайы техникалар өрт орнына жете алмады. Өйткені техника паркі өткен ғасырдың 70-80 жылдары шығарылған көліктерден құралған, материалдық-техникалық база ішінара болса да жаңартылмаған. Осының салдарынан 2023 жылы орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға қорық дайын болмай шықты. Прокуратураның мәліметі бойынша Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылықтарын жабдықтау 40% деңгейінде. Қазіргі таңда 6,8 миллиард теңге қажет ететін 2260 өрт сөндіруге арналған техника мен жабдықтар қажет, 44 өрт сөндіру бекетінің 5-уі техниканың бұзылуына байланысты жұмыс істемейді»,- дейді Еділ Жаңбыршин.

Ол атағандай, орман өрттерін, ағаштарды заңсыз кесу мен браконьерлік фактілерін анықтау мақсатында ормандарды бақылау күзеті үшін пилотсыз ұшу аппараттарын жаппай пайдалануды енгізу қажет.

«Қазіргі кезде осындай аппараттардың қолданыла бастағанын бүгінгі көрмеден көрдік, бірақ олардың саны тым аз. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану бақылау күзеті үшін тікұшақтарды пайдалануды және олардың ұшу сағаттарын азайтуға мүмкіндік береді және тікұшақтарды көбінесе өрт сөндіру үшін пайдаланған дұрыс. «Ертіс орманы» және «Семей орманы» орман қорықтарының таспалы ормандарында найзағай жарқыншақтарынан туындайтын өрттердің санын азайтуға мүмкіндік беретін найзағай тартқыштарды орнату маңызды рөл атқарады. Найзағай тартқыштарды орнату үшін олардың қажетті саны мен орнату орындарын анықтау жөніндегі тиісті жұмыстарды жүргізу қажет»,- деді ол.

Ол нақты сандарға тоқталды.

«Соңғы екі жылдағы екі ірі өрттен келген залалдардың сомасы 182 миллиард теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал осы іс-шараларға ірілендірілген есептеулер бойынша 150,9 миллиард теңге қажет болады. Яғни, жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңгені құрап отыр. Ал азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес республиканың барлық орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 68 миллиард теңге қажет екен»,- деді ол.

Депутат атағандай, «сараң екі төлейді» деген сөз бар. Жалпы шығын қажетті сомадан бес жарым есе асып тұр.

«Үкімет қажетті соманы тез арада шешіп, бүкіл материалдық-техникалық базаны реттеп алғаны тиімді емес пе? Бұл мемлекет үшін де, табиғат үшін де пайдалы болатыны айтпаса да түсінікті»,- деді Жаңбыршин.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.