Өртке оранған Семей базарына қатысты Тамара Дүйсенова пікір білдірді
Үкімет мүшелері өрттің шығу себебін күту керек деп санайды
Семейдегі ең ірі базардың өртенуінен бір мыңнан астам адам зардап шекті. Олардың дүниелері өртеніп, материалдық шығынға ұшырады. Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен брифингте «Ақшын» базарының мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кәсіпкерлердің сөзінше, базардың иесі келген шығынды өтемейтінін айтқан. «Мәселені шешу үшін Үкімет резервіне қаржы бөліне ме?» деген сұрақ қойылды.
Бұл сауалға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді.
«Онда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар өрттің себебін анықтамақ. (Өрттің шығуына) базар иесінің немқұрайлылығы себеп болды ма, әлде басқа себептер бар ма? Мәселенің (нақты) себебін анықтағасын ол комиссия отырысында қаралатын шығар. Екіншіден, облыс әкімдігінің маған берген мәліметіне сәйкес, (оқиға орнында) базарды иесі жұмыс істеп жатыр. Қазір өрттің себебі мен (базардағы) әрбір адамға келген залалдың көлемін анықтау керек. Комиссия шешімінен кейін ғана (көмек беру мәселесі) қаралады», - деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова әрбір адамға келген шығынды көлемін анықтау керек деп санайды.
«Сондықтан өрттің себебін анықтау керек. Оған кім жауап береді? Екіншіден, келген шығынның көлемін анықтау керек. Содан кейін қолдау көрсету мәселесі қарастырылады. Алайда (өрттен зардап шеккендерге) жаңа жұмыс орнын беру жұмысын әкімдік пен базардың иесі бастады. Сізге толық ақпаратты кешке бере аламын. Өрттің себебі мен келген шығынды анықтап алайық», - деді ол.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бұл мәселеге қатысты қандай жағдайда Үкімет көмек көрсететінін айтты.
«Заң тарапынан (ондай көмек) қарастырылмаған. Қазір өртті әлі сөндірген жоқ. Тамара Қасымқызы, шығын есептеліп жатқанын айтты. Содан кейін арнайы комиссия тиісті шараны қабылдайды. (Базардың) иесі де көмектесуі керек. Адамдарды мұндай жағдайда ешкім қалдырмайды. Алайда қазір бірдеңе жайлы айту қиын», - деді ол.
Еске салсақ, Семейдегі ірі базар жанып кеткен еді.