Әлеуметтік төлемдер азая ма – Тамара Дүйсенова жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Мұқтаж азаматтарды анықтау тетігі жетілдіріледі

Фото: primeminister.kz

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен брифингте Президенттің масылдық психологиясының қалыптасуы туралы айтқан пікіріне қатысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Енді әлеуметтік төлемдер азая ма, қандай реформалар жүргізіледі?» деп сұрады журналистер спикерлерден.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Президент айтқан сөздің мәнін түсіндірді.

«Президентіміз әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтарға берілуі керек деген қағидатты ұстанып отыр. Ол өте дұрыс деп ойлаймын. Бірақ бүгінде әлеуметтік заңнамаларда қарастырылған әлеуметтік көмектер саны кемімеді. Бірақ мұқтаж азаматтарға берілу мәселесін назарда болады. Яғни, әлеуметтік теңдікті қалыптастыру мәселесін қарастырып отыр. Сондықтан келген азаматтар мұқтаж ба, мұқтаж емес пе, соған көбірек көңіл аударамыз», - деп айтты вице-премьер.

Дүйсенова мұқтаж азаматтарды айқындау мәселесінің тетігі жетілдірілетінін атап өтті.

Үкімет мүшесінің айтуынша, осыдан 3-4 жыл бұрын елімізде 2 млн азамат атаулы әлеуметтік көмек алған.

«Оны тексерген өте көп азаматтың үй-жайы және табысы бар екені анықталды. Сол себепті қазір бұл мәселенің механизмін жетілдіреміз. Былтырғы есепке сәйкес, 500 мыңнан аса азамат атаулы әлеуметтік көмек алды», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.