Қызылорда облысында мектеп оқушыларына мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдері берілген
Білім беру ұйымдарындағы салғырттықты прокурорлар әшкереледі
Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы 3 мектептің оқушыларына мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдері берілген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 24kz-ке сілтеме жасап.
Білім беру ұйымдарындағы салғырттықты прокурорлар әшкереледі. Оқу-ағарту саласына тексеріс жүргізген құзырлы орган өкілдері бұдан бөлек біраз былықтың бетін ашты. Мәселен, Сырдария ауданындағы мектеп асханаларында арнайы сертификаты жоқ адамдар жұмыс істеген.
Тиісті құжатсыз медициналық қызмет көрсеткен мамандар Қызылорда қаласының 5 мектебінен де анықталды. Емдеу бекеттерінің талапқа сай болмауы салдарынан өткен жылы мың жарым оқушы міндетті профилактикалық тексеруден өткізілмеген. Одан бөлек, мектеп директорлары конкурс жарияламай лаборант, ассистент ретінде 50-ден астам адамды қызметке алған.
Аймақ прокурорлары сондай-ақ жалған дипломмен жұмыс істеп келген мұғалімдерді анықтады.
«Бұл деректердің барлығы бойынша қадағалау актілері енгізілді. Жалған дипломмен жұмыс жасау фактілері бойынша бүгінгі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Тексерудің нәтижесі облыс әкімінің төрағалығымен үлкен кеңейтілген мәжілісте қаралып, талқыланды. Оның шешу жолдары алдағы уақытта болдырмау бағытында жол картасы әзірленіп, қазір бекітілуге ұсынылды», - деді облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев.