Түрмедегі сотталушылар коронавирустан қорғану костюмдерін тікті

Автор: Azattyq Rýhy

Киімді полиция қызметкерлері киеді

Алматы облысының Заречный ауылының жанындағы түрмеде отырған сотталушылар қорғаныш костюмдерін тігіп шығарған. Бұл киімдер бірінші кезекте Алматының карантинді периметрі бойындағы 27 бақылау-өткізу бекетінде кезекшілікте тұрған полиция қызметкерлеріне беріледі.

«Киімдер Ішкі істер министрінің тапсырмасымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тігілді. Бүгін бізде 280 жиынтық бар. Бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет етіп жүрген Алматы гарнизонының қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері қорғаныс костюмдерін киді. Күн сайын олар азаматтармен тығыз байланыста болады, олардың арасында «қауіп тобына» кіретін адамдар да болуы мүмкін. Яғни, полиция қызметкерлерінің медициналық қызметкерлермен қатар жұқтыру қаупі өте жоғары. Олар азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге көп үлес қосып келеді», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.

Алдағы уақытта тағы 70 қорғаныш киімін әкелу жоспарланған. Қалалық полиция басшысының айтуынша, Алматыдағы карантиндік іс-шараларға Полиция департаментінің жеке құрамынан, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінен алты мыңға жуық адам тартылған. Әзірленген 997 жаяу патрульдеу бағыттарында 3 мыңға жуық адам қызмет етеді.

«Карантиндік шаралар басталған сәттен бастап ішкі тәртіпті сақтауды қамтамасыз ететін ішкі істер органдарының қызметкерлері периметрдің айналасында да, қала ішінде де медициналық маскалармен, бір рет қолданылатын қолғаптар мен антисептикалық құралдар, жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілген. Бұл шара әлі де жалғасады», – деді Қ.Таймерденов.