Лудомания: отандық футбол чемпионатынан букмекерлік кеңсе атаулары алынып тасталады
AMANAT партиясы фракциясы депутаттарының ұсынысымен бұл мәселе ретке келтірілуде

Лудомания – қауіпті дерттің бірі. Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынға салынған. AMANAT партиясы фракциясы депутаттарының ұсынысымен отандық футболдағы чемпионаттан букмекерлік кеңселер атауы алынып тасталады. Ұсыныс енгізілді.
Жастарды құмар ойынға, азғындыққа шақыратын жарнамалар көпқабатты үйлердің қасбетіне дейін шығып кеткен. Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев құмар ойынның жарнамасына шектеу салуды сұрап, жауапты министрлерге сауал жолдаған. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттарға жаңа заң жобасының аса маңызды нормалары туралы ақпарат берді. 2 кодекске және 7 заңға 50-ден астам түзетулер дайындалды.
«Құмар ойын деген сұмдықты шектейміз демей, түгелімен тоқтатып, тамырына балта шабу керек! 109 млрд теңге салық төлейді құман ойын ұйымдастырушылар. Ал лудомандарды емдеуге бір жылда 140 млрд теңге кетеді шамамен. Айтпақшы, қазір Ұлттық спорт алаңдарына, көкпар мен бәйгеге тотализатор еніп жатыр. Бейресми көбіне. Бұл не сұмдық? Ұлтымызды сақтаймыз деп жүріп ұлттық спортымызды құмар ойынның алаңына айналдыру кімге керек болды? Бұл кімнің бастамасы? Осы сауалдарға нақты жауап беріңіздер», - деп сауал жолдаған еді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың айтуынша, бәс тігу бизнесімен айналысатындар төлеп жатқан салықты көлденең тартады. Бірақ салықтан қарағанда, ауру адамдарды емдеуге қаржы әлдеқайда көп жұмсалады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, бұл сала бойынша салықты көтеру туралы жұмыстар қарастырылып жатыр. Депутат статистикалық деректерді де келтірді:
«Қазір елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның инесіне отырған. 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу 40 есе көбейді деген дерек алдық. Ол ол ма, букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан 174 мың отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен деген ақпарат және келді. Құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таппай құзға құлағандар қазір қылмыс әлемінің табалдырығын таптап жүр. Дерек керек болса айтайын, өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында екен. Суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген ақпарат келді. Құмар ойын бір адамның өмірін талқан етумен тоқтамайды, оған дәлел елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуіндегі жанжал лудомания дертіне шалдыққандардың шатағынан шыққан», - деді ол.
Лудомания дертінен 1 адамды емдеуге кемі 500 мың теңге кетеді, оны 5 ай емдеу керек. Құмар ойыншыға ем қонса, қонбаған жағдайда қаражат далаға кетеді. Тіптен елімізде лудоманиядан емдейтін жеке клиникалардың көбінде арнайы лицензия жоқ.
«Былтыр «АMANAT» партиясының депутаттары лудомания дертіне қарсы Заң жобасын дайындады. 50-ден астам түзету бар, Үкіметтің қарауына жіберілді. Арада бір жыл өтті, бірақ АРВ әлі дайын емес. Билік кімнің қас-қабағын бағып отыр? Және құмар ойын құрбандары жөніндегі ең соңғы нақты деректер қандай?», - деді сауал жолдаған Нартай Аралбайұлы.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, құмар ойын, бәс тігу бизнесін ретету туралы жұмыстар жасалып жатыр.
«Өзекті мәселе. Құмар ойын, ойын бизнесі туралы заң 2007 жылы қабылданған. Ол заң қазіргі замандағы өзгеріcтсерге жауап бере алмайды. Жарнамаға қарсы шектеу жоқ. Осыған қатысты ұсыныстарды құзыретті органдармен бірге қарап шықтым, 16 шектеу бар. Ұлттық экономика министрілігмен бірге қарап, сегізін бітірдік, қалған сегізін келесі айда бітіреміз. Шетелдіктердің тәжірибесін де зерттедік, оларда ойын тәртібі бар екен. Шетелдік тәжірибеде бірде бір құмар ойын туралы жарнама болмау керек. Букмекерлік конторалар отырған жерлерде ғана жарнама тұрады. Бәс тігетін бұл саладағылардың жұмыстарында да көлеңкелі экономика бар. Қаржы министрлігімен бірігіп түзетулер жасалады. Бизнес өкілдерімен келісу қиындау болды. Бірақ Ұлттық экономика министрілігі де жұмыс істеп жатыр», - деді Тамара Дүйсенова.
Бұл ретте, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, 2 кодекске және 7 заңға 50-ден астам түзетулер дайындалды. Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылады. Заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады. Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі.
Сонымен қатар, лотоматикалық машиналарды елге әкелуге және тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелерінде орнатуға тыйым салу ұсынылады. Құмар ойын ойнауға болатын жас шегі 25 жасқа дейін артады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз ақпараттық-қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық кешенімен біріктіруі керек. Осылайша, мемлекет барлық қаржылық операцияны бақылап отырады.
Аталмыш мәселеге қатысты Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет лудоманияға қарсы күреске бағытталған тиісті нормаларды әзірледі.
«Бірінші кезекте, бұл – букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Екінші, құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңгейін 25 жасқа дейін көтеру. Сондай-ақ борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банктік несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу қарастырылған», – деді Премьер-Министр.
Айта кетерлігі, 2021 жылдан бері 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензиясын қайтарған, ал ойын бизнесі субъектілерінің саны 2 есеге, 71-ден 28-ге дейін қысқарған.