СҚО-да экс-шенеунікке қатысты сот үкімі шықты
Басы даудан арылмаған шенеунікке Петропавл қалалық соты ірі көлемде айыппұл салды
Пара берді және бюджет ақшасын жымқырды деп айыпталған М. Жұмабаев ауданы білім бөлімінің басшысы Сара Рамазановаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Сот Сара Рамазановамен бірге тағы үш адамның ісін қарады. Олардың барлығы да жемқорлыққа жол берген. М.Жұмабаев аудандық білім бөліміне облыстық мемлекеттік аудит департмантінен Айгүл Өмірзақова тексеріспен барады. Сол кезде бірнеше бұзушылықтарды анықтап, бөлімнің бас есепшісі Ботагөз Қазанғаповаға «1 млн 300 мың теңге берілсе, бұзушылықтарды ескермейтіндігін» айтқан. Мұны бас есепші Ботагөз Қазанғапова сол кезде бөлімді басқарып отырған Сара Рамазановаға жеткізеді. Олар пара беруге ақшаны бюджеттен алмақ болады. Аудандағы мектеп директорларына жалған іссапарлар жазады. Осылайша, шенеуніктер пара беріп қана емес, бюджет ақшасына да қол сұққан.
Оған қоса, Олжас Темірбаев өртке қарсы дабыл жүйесін реттеу керек болған. Алайда ақша қағаз жүзінде ғана игеріліпті.
Бүгін Петропавл қалалық соты жемқорлыққа қатысы бар төрт адамға ірі көлемде айыппұл салды. Сара Рамазанова бір ай ішінде мемлекетке 88 млн теңге қайтаруы керек. Орындамаса, жеті жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін.
Сот нақты жазаның айыппұлға ауыстырылуын, айыпталушының жасы мен денсаулығының нашар болуына байланысты деп түсіндірді.
Еске сала кетейік, Сара Рамазанова осыған дейін де бірқатар мекемелерді басқарып, біраз былықтары әшкере болған еді.