Соңғы жылдары Нұр-Сұлтанда 3 мың, Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында 1 мың адам қызылшамен ауырған. Ал Қазақстан бойынша қызылшадан 19 адам қайтыс болды
Елімізде 2018 жылдың қараша айынан бері 10896 адам қызылшамен ауырған. Инфекция жұқтырғандардың 19- ы қайтыс болған, оның 17- сі балалар, 2-і ересек адам. Мұндай мәліметті Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Бас санитариялық дәрігер өлім-жітімнің көбею себебін ата-ананалардың балаларына вакцина ектіруден жиі бас тартуынан көреді.
«Қызылшамен ауырғандардың 60%-ы екпе қабылдамаған 1 жасқа дейінгі балалар. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, екпеге ата-аналар қарсы. Осылайша, 1400 бала ата-аналарының қарсылығынан ауырып қалды. Екіншіден, балалар вакцина қабылдайтын жасқа жетпеген. Сондықтан, біз осы жылдың сәуірінен бастап 9 айға толған балаларға екпе сала бастадық», - деді ол.
Қабылданған шаралар арқасында республика бойынша қыркүйектегі көрсеткіш 6,7%-ға төмендепті, яғни қызылшамен ауырғандар саны 1918-ден 283-ке азайған. Ал 20-29 жастағы инфекция жұқтырғандарға 16 қыркүйектен бастап қосымша вакцинация жүргізіліп жатыр. Себебі қызылшамен ауырған ересектердің 55%-ын осы жас аралығындағы азаматтар құрайды.
Оқи отырыңыз: Ата-аналардың 35%-ы діни көзқараспен балаларына вакцина салдырмайды
Айта кетейік, соңғы жылдары кең тарап жатқан қызылша ауруын жұқтырғандар елдің барлық аймағында бар. 3000 жағдай Нұр-Сұлтан қаласында, 1000-нан аса жағдай Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында тіркелген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан