$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.04.2020, 09:27
Қоғам

Қызылордада коронавирус жұқтырған әйел аман-есен босанды

Әйелді босандырған кезекші бригада бірден екі апталық үй карантиніне жіберілді

Қызылордада коронавирус жұқтырған әйел аман-есен босанды

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева өзінің Facebook  парақшасында қауіпті вирус жұқтырған жүкті әйелдің аман-есен босанғанын айтып, халықтан сүйінші сұрады. 

8 сәуірде ай-күні толық жеткен жүкті А. есімді әйел провизорлық перзентханаға, яғни оқшауланған ғимаратқа жеткізілген. Ауруханаға түскен сәтте оның тұмауратқан белгілері болған. Тексеру барысында дене қызуы 38,1 градус болып көтеріліп тұрғаны анықталады. Артынша COVID-19 вирусына жасалған сынамадан оның вирус жұқтырғаны белгілі болған.

«Дәрігерлердің тиісті көмегінің арқасында әйелдің толғағы да, босануы еш асқынусыз өтті. Жаңа туған нәресте кювезге жатқызылды. Оның салмағы  2,970 грамм, бойы 51 см. Баланың жағдайы қанағаттанарлық, одан да COVID-19 вирусына сынама алынды. Ал босанғаннан кейін әйелді жұқпалы ауруханалар ауруханасына ауыстырды», – деп жазады вице-министр. 

Ләззат Ақтаева жаңа туған нәресте мен оның анасына көмек көрсеткен дәрігерлерді «Біздің заманымыздың батырлары» деп бағалап, айрықша алғысын білдірді. Сондай-ақ, әйелді босандыруға көмек берген кезекші бригаданың да бірден екі апталық үй карантиніне жіберілгенін атап өтті.  

«Қызылорда облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері: гинеколог Қоңқабаева Ақбота, акушер Еңсепбаева Әйгерім, неонотолог Аққайырова Меруерт, балалар мейірбикесі Тұрғанбаева Айгүл өздерінің күн сайынғы жұмысын ерлікпен атқарып жүрген жандар», - деді Ләззат Ақтаева.

Серіктес жаңалықтары