Депутат өңірдегі 100 мыңға жуық халықты таза ауыз сумен қамтитын жобаларды ұсынды

Аягөз Құрмаш

Ол Түркістан облысындағы мәселелерді көтерді

Депутат өңірдегі 100 мыңға жуық халықты таза ауыз сумен қамтитын жобаларды ұсынды
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков ауылдардағы ауыз су мәселесі жайлы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы еліміздегі ең үлкен ауылдық округтердің бірі. Қазіргі таңда онда 60 мыңнан астам тұрғын бар, мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылы елімізді етпен қамтамасызетіп отырған елді мекеннің бірі. Мұнда жылына 36000 мың тонна ет ел аумағындағы сауда орындарына жіберілсе, 3000 мың тоннадан астам ет экспортталады. Ауылдың инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып келеді», - деді Сәдбіеков.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді.

«Бұл мәселеге қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайын, мемлекеттік сараптамадан да өткізілген. Ендігі жерде жобаға сәйкес жұмысты атқару үшін қазынадан 9 млрд 350 млн тенге қаражат қажет. Оған жергілікті бюджеттің шамасы жетпейді. Сондықтан ауыл халқы бар үмітін Астанаға артып отыр. Түркістан облысы, Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінен бастау алатын топтастырылған су құбыры арқылы 12 елді мекеннің тұрғындары ауыз суды пайдаланады.Негізгі су көзі ретінде, дебеті секундына 4,0 текше метрді құрайтын Балдыберек өзені алынған. Аталған ашық су көзінен тұрғындардың ауыз суды тұтынып келе жатқанына 8 жылдың жүзі болды. Жылдың көктем немесе күз айларында ауа-райының жауын шашынды болуынан өзен суы лайланып, судың сапасы төмендеп кетеді. Бұл өз кезегінде тұрғындар тарапынан әлеуметтік наразылықтар тудыруда», - деді ол.

Депутат атағандай, осы мәселені шешу үшін елді мекеннің айналасындағы барлық су көздері зерттеліп, қорытындысымен Балдыберек өзенінен бастау алатын жердегі «Бақырауық» деген бұлақтың дебеті жеткілікті екені анықталды.

«Аталған бұлақ мемлекеттік табиғи «Ақсу Жабағылы» қорығының аумағынан өтетін өзенінің бойында орналасқан. Төңкеріс елді мекеніндегі су жинағыш резервуарға дейін 5,6 шақырым су құбырын тартатын болсақ 26 мыңға жуық халықтың ауыз суға деген тапшылығын толығымен шешуге болады.Бұл жұмыстарды нақты іске асыру үшін: бірінші кезекте «Ақсу жабағылы қорығы» аумағынан және «Сайрам Өгем» Ұлттық табиғи паркіне қарасты жерлерден құбыр тарту үшін рұқсат қажет. Бұл бағытта 2021 жылы Түркістан облысының әкімдігі тарапынан Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне арнайы хатта жазылған. Дегенмен, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Егер салалық министрліктен рұқсат құжаты берілетін болса, аудандағы су жүйесін реттеуші мекеме қорық жеріндегі табиғатқа ешқандай зиян келтірілмей, құрылыс матералдарын техникасыз, қол күшімен тасымалдап жұмыс жасауға дайын», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, Үкімет аталған мәселені назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуі керек.

«Егерде екі жобада жүзеге асса, өңірдегі 100 000 жуық халықты таза ауыз сумен қамтуға толық мүмкіндік туады», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.