«Алдымен өзімізді риза қылайық»: Досхан Жолжақсынов қазақ руханияты жайлы пікір білдірді

Ол бұл пікірін Ұлттық кітапханда өткен жаңа кітаптың тұсаукесерінде айтты  

«Алдымен өзімізді риза қылайық»: Досхан Жолжақсынов қазақ руханияты жайлы пікір білдірді
Фото: Әсет Құндақбаев

"Өнер саласында шетелдіктерді таңғалдыруға емес, алдымен өзіміздің рухани болмысымызды дамытуға жұмыс істеу керек". Бұл туралы Белгілі актер, Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсынов Алматыда «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, белгілі музыкант Бағдат Тілегеновтың жаңа кітабының таныстырылымы барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.    

Кітаптың авторы - көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың шәкірті. Бағдат Беспайұлы еліміздегі фольклорлық музыканың дамуы жолында ұзақ жыл еңбек еткен санаулы кәсіби мамандардың бірі саналады.  

«Қара қобыздан «Сазген сазына» дейін» атауының өзі қазақтың жүріп өткен ұлы жолы іспеттес. Шыны керек, баяғы Өзағаңдардың, Ахаңдардың сарқынындай болып көрінеді маған. Бағдаттың өзі жөргегінен музыканы тыңдап өскен азамат ретінде, өсу, өрлеу жолында ұлтының кәдесіне жарайтын дүниені әкелді. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, соның арқасында болу керек, мынандай  кәсіби, классикалық үлгідегі ансамбль құрылды. Бүгін «Сазген сазы» десе қазақтың құлағы елең етпей тұрмайды», - деді Қазақстанның халық артисі.

1981 жылы Республикалық қазақ халық аспаптары музейінің жанынан құрылған «Сазген», кейіннен «Сазген сазы» аталған фольклорлық этнографиялық ансамбльдің үздік кәсіби ұжымға айналып, елімізге және сырт елдерде танылуында Тілегеновтың еңбегі зор. Бағдат Беспайұлының 60 жас мерейтойына орай шығарылған «Қара қобыздан «Сазген сазына» дейін» атты кітапта еліміздегі фольклорлық музыканың дамуы, осы саладағы Өзбекәлі Жәнібековтың және басқа да тұлғалардың рөлі, кітап кейіпкерінің шығармашылығы баяндалған. 

«Шетелге барып жатырмыз ғой, олардың бізге қалай қарайтынын білмейміз. Біз алдымен өзімізді риза қылуымыз керек. Музыка деген біздің рухани дүниеміздің ең түйткілді мәселесі. Өйткені, музыка арқылы адам бойына құндылықтарды жинайды. Сүгірсіз, Құрманғазысыз, Тәттімбетсіз қазақтың топырағында өмір сүру мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Сондықтан осындай дүниелерді жаңғыртып, оның жаңа жолдарын тауып, тыңдарманға, көрермендерге құнды өнерді жеткізу үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген осы Бағдат», - деді Жолжақсынов.  

Кітаптың тұсаукесеріне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Базархан Қосбасаров, белгілі дирижер Жамағат Темірғалиев, күйші-ғалым Абдулхамит Райымбергенов, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова және басқа да өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, фольклорлық ансамбльдердің ардагерлері қатысып, қазақ руханияты туралы ойларын ортаға салды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.