«Қаражаттың далаға кеткені ме?»: депутат вакцинация мен аурудың алдын алу жүйесін сынады
Ол сібір жарасын мысалға алды
Биыл елімізде 37 адам сібір жарасын жұқтырған. Қауіпті індеттен адам шығыны да болған. Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов уақытылы вакцинация мен індеттердің алдын алу мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Статистика көрсеткендей, елімізде жыл сайын жануарлар мен адамдарда «сібір күйдіргіні» жұқтыру жағдайлары тіркеледі. Елде биыл сібір күйдіргіге шалдығудың расталғаны - 37. Оның ішінде Жамбыл облысында - 19, Ақмола облысында - 15, Қарағанды облысында 3 жағдай анықталған. Өкінішке орай, Қарағанды облысындағы соңғы жағдай қазамен аяқталды.
«Сол өлген малдың көңі тазаланды ма? Ал топырағы ше? Бұл жабулы қазан күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, індеттерге мемлекеттен вакциналарды сатып алуға жыл сайын ондаған миллиард теңге бөлінеді. Сонда сол қаражат далаға кеткені ма?
Осы орайда, ветеринария саласындағы уәкілетті орган жыл сайын біздің елде жеке үй шаруашығында инфекциялар пайда болған кезде немен айналысады деген сұрақ туындайды.Бір сөзбен айтқанда, біз уақтылы вакцинациялауға және жануарлар мен адамдарға жұқтырудың алдын алуға дайын емеспіз дегеннің дәлелі. Өкінішке қарай алдағы уақытта Қарағанды облысындағы жаға ұстататын жағдайлар әбден қайталануы мүмкін. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздестестірудің амалын қарайтын уақыт»,- деді Жайымбетов.
Депутат атағандай, қолында азғантай малы бар жұрт сенген ветеринар мамандардан айтарлықтай қайыр болмай тұр. Себебі, жұмыс істемейтін зертхана мен шайлығына жетпейтін жалақыдан мамандар қажыған. Шындығында, жастар жағы бұл салаға жолағысы келмейді.
«Қазір мал базарлары мен ет сататын дүкендер өте көп. Тіпті қазір әлеуметтік желілер арқылы да ет сатып жатыр. Бірақ сатылымда тұрған қандай ет, малға ауру жұқпаған ба, оны ескеріп жатқандар шамалы. Сатылымдағы еттер зертханалардан тексерістен өтіп, ветеринар мамандардың рұқсаты барма? Мұның бәрін бақылап жатқан жан бар ма? Мал базарлар, жалпы ет сататын жерлер жекенің қолында. Әр жекенің, өз ветеринарары бар. Бірақ ол мал дәрігері иесінен ақша алып отырған соң жаман өнім келіп жатса да шикілігін айта қоймас»,- деді депутат.
Ол мал өнімдерін қайта өңдеу, қала базарларындағы ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларының көбі - жекеменшік иелерінде екенін айтады.
«Сондықтан, етке берілетін анықтамаларды оңды-солды беруді тоқтатсақ.Сонымен қатар, бізде вакциналарды сақтау кезінде және тасымалдау шарттары толық орындалмай жатады»,- деді Жайымбетов.
Ол осы жағдайларды ескере отырып, келесі ұсыныстарды айтты:
-Жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы нормативтік-құжаттарға аналитикалық сараптама жасап, мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық бақылауды және қадағалауды күшейту;
-Вакциналарды сақтау процессін күшейту;
- Зертханалардың жауаптылығын арттыру. Тіпті, қылмыстық жазаға дейін қарастырсақ.
-Малдың төлін ескере отырып, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды уақтылы сатып алуды жүзеге асыру;
-Малды өртейтін қондырғыларды қалыпқа келтіру. Оның ішінде малдың көңімен және топырағын тазарту бойынша жұмыстарды оңтайландыру;
-Шетелдік тәжірбилерді қарай отырып, жануарлардың аса қауіпті ауруларының ветеринариялық іс-шараларын жоспарлау. Сондай-ақ, кадрлар мәселесін кешенді шешу жолдарын қарастыру;
-Ветеринариялық-санитариялық бақылау қызметкерлеріне жалақыны көтеру және барлық тиісті әлеуметтік төлемдерді көздеу.