«Әзілдеп жасаған»: 9-сынып оқушылары Астана мен Алматы облысында 14 жерге «бомба қойған»

ШҚО-да тағы бір мектеп оқушысы ұсталды

«Әзілдеп жасаған»: 9-сынып оқушылары Астана мен Алматы облысында 14 жерге «бомба қойған»
Фото: ІІМ/Видеодан скрин

Қазақстанда жалған жарылыс туралы хабарламалар көбейіп, құқық қорғау органдары дабыл қағып отыр. Соңғы жағдайларда мектеп оқушыларының өзі ондаған фейк хабарлама таратып, елдегі шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтірген. Полиция мұндай «әзілдердің» қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекетіне мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Интернет желісінде және әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің жарылыс, өрт қою және басқа да қауіптер туралы жалған хабарламалар тарататын жағдайлары тіркеліп отыр.

Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар жасағаны үшін 9-сыныптың екі оқушысы ұсталды. Олардың Астана қаласы мен Алматы облысында осындай 14 оқиғаға қатысы бар екені анықталды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының 9-сынып оқушысы әлеуметтік желі қолданушылармен жанжал негізінде олардың атынан Шымкент қаласы әкімдігінің және Ақтау қаласындағы сауда үйлердің бірінің электрондық поштасына жарылғыш құрылғылар қойылғаны туралы хабарламалар жіберген.

Қылмыс жасау кезінде олар анонимді телефон нөмірлері мен электрондық пошталарды пайдаланған.

«Бұл «әзіл» немесе қалжың болса да, мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылған. Барлық осындай жағдай мұқият тексеріліп, күдіктілер заманауи технологиялардың көмегімен анықталады. Осыған байланысты азаматтарға үндеу жасаймыз: тексерілмеген ақпаратты таратпаңыздар, жалған хабарламалар жібермеңіздер және балаларға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіріңіздер. Егер сізге қауіп туралы хабарлама келсе, дереу полицияға хабарлаңыз», – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары Аман Әубәкіров.