Қызылшаның өршуіне не себеп болды – сарапшы жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Коронавирус кезінде қызылшаға қарсы вакцинация күрт азайған

Фото: freepik.com

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының» басқарма төрағасы Манар Смағұл қызылшаның өршу себептерін атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, қызылша әлемнің 80 елінде жойылды деп жарияланды. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында жою мәртебесі 2000 жылы расталды. Сонымен бірге қызылшаға қарсы вакцинациямен қамтудың төмендеуі, әсіресе COVID-19 пандемиясы кезінде, бүкіл әлемде, оның ішінде қызылша жойылған елдерде аурудың өршуіне себеп болды. Әлемде 2022 жылдан бастап 150 елде қызылша бойынша 155 мыңнан астам жағдай тіркелді, 2023 жылы әлемнің 167 елінде 415 мыңнан астам жағдай тіркелген», - деді ол.

Манар Смағұл айтқандай, Қазақстанда 2023 жылы қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелді.

«79% 14 жасқа дейінгі балаларға, жасөспірімдерге – 4%, ересектерге – 17% тиесілі. Биылғы 1 қаңтардан бастап қызылшаның 1993 жағдайы тіркелді», - деді ол.