Екі жыл бұрын осылай заң талабын сақтамаған қонақ үй қожайындары тек 76 млн теңге төлеп құтылған
Маңғыстау облысындағы аққулар Rixos қонақ үйінен шыққан қалдық судан қырылуы мүмкін. Өңірдегі қоғам белсенділері осылай деп дабыл қағуда. Олар қонақүйден аққан қалдықтың Қаракөлге құйылып жатқан видеосын да жариялады. Осыдан кейін облыстық экология департаменті судан сынама алып зерттеуге кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде таралған видео көпшілікті шошытты. Қаракөлге құйылып жатқан белгісіз қара сұйықтық Rixos қонақ үйінен шыққан делінеді. Ал қырылған аққулар дәл осы қалдық төгілген аумақтан табылыпты. Бұл мәселе экологтар мен орнитологтарды да елең еткізді. Тіпті судан сынама алынып, тексеру жүргізіліп жатыр. Егер құстардың лас судан өлгені анықталса, қонақ үйге қомақты айыппұл салынады.
Еске салсақ, бес жұлдызды қонақ үйдің қалдық суды көлге ағызуы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Екі жыл бұрын осылай заң талабын сақтамаған қонақ үй қожайындары тек 76 миллион теңге төлеп құтылған.
«Прокуратура органдарына хабарланады және олардың ұсынысын ала отырып, біздің тарапымыздан тексеріс тағайындалады. Тексеріс кәсіпкерлік кодекстың аясында жүргізіледі. Тек тиісті әкімшілік жауапкершілік, ол факті орын алған жағдайдан бастап, тексеріс нәтижесімен белгіленеді және заңмен қарастырылған мерзімі бойынша шарттар алынады. Нормадан тыс арту фактісі орын алған жағдайда тексерісте сұйықтықтың қанша көлемде төгілгені елгені туралы ақпарат керек», - деді Маңғыстау облысы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Мағжан Ғалымов.