Қазақстанда жаңа қала пайда болады

Автор: Аманалина Тоғжан

Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды

Фото: zhardem.kz

Алматы облысындағы Жетіген ауылы қала болып, жаңа атау алады, деп хабарлайды Azattyq  Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Алматы облысының Іле ауданы одан Жетіген ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

2. Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылсын және оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1 және 2-тармақтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

4. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - деп жазылған құжатта.

Айта кетейік, Жетіген ауылы Алматы облысы Іле ауданында орналасқан және Жетіген ауылдық округінің әкімшілік орталығы болып есептеледі. Жетіген Алматы қаласының орталығынан солтүстікке қарай 47 шақырымдай жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша ауылда 15616 адам тұрған.