Балқаш қаласында ірі құбыр жарылып, кәріз суы бүкіл бір көшені басып қалды
Жергілікті билік әр үйді тексеріп, «қажет болса, көмектесеміз» деп қана жауап берді
Балқаш қаласында ірі құбыр жарылып, кәріз суы бүкіл бір көшені басып қалды. Түн ортасында көше бойымен аққан лас су жер үйлерге лап қойған. Әсіресе 11 үйді қалдық су жайлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Үлкен-кіші дәреті араласқан кәріз суының қарқыны қатты болыпты. Ұйқыда жатқан тұрғындар бала-шағасымен үйдегі жиһаздарының үстіне шығып кеткен, өйткені сасық су тізеден асқан. Әкімдік пен түрлі қызметке қоңырау шалғанымен, таң атқанша көмекке келген жан болмапты. Ақыры күндіз әкімнің қабылдауына өздері барып, жағдайды баяндаған. Тұрғындар енді үйдің жертөлесіне дейін өткен кәріз суынан қабырғаларға зиян келгенін айтады.
Жергілікті билік әр үйді тексеріп, «қажет болса, көмектесеміз» деп қысқа қайырды.