Алматыда өндіріс орнында жарақат алған жұмысшы қолынан айырылды
Ал мекеме басшысы оқиғадан кейін жұмыстан шығарып, жәрдемақы төлеуден бас тартыпты

Алматыда өндіріс орнында жарақат алған жұмысшы қолынан айырылды. Ол жеңіл метал бұйымдарын өндірумен айналысатын мекемеде еңбек еткен. Басшысы оқиғадан кейін жұмыстан шығарып, жәрдемақы төлеуден бас тартыпты. Ең сорақысы компания осы уақытқа дейін қызметкерге әлеуметтік төлемдер аудармай келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Жәнібек Тұяқбаев 5 жылдан бері жеңіл металл бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорында штамптаушы болып жұмыс істеген. Оқыс оқиға болған күні темірді тесіп, кезекті бұйымды дайындап жатқан. Бір мезетте қолы оралып, 41 жастағы Жәнібек ауруханаға аса ауыр халде түсті. Оның айтуынша емханаға барар жолда бастығы бар жағдайын жасауға уәде еткен, алайда 2 операциядан соң сөзінен бас тартып, Жәнібекті жұмыстан шығарып жібереді.
«Станокта темірді кесіп жатқан кезде қолым оратылып қалды стружкаға. Сүйтіп қолымды сындырып тастады. Мына кистьті және иықты. Мен жұмыс орнына да бардым, көмек бересіңдер ме десем, мен патрульдарға 3 млн бердім, ауруханаға 1 млн бердім басқа көмек бере алмаймын деді маған. Өз аузынан естідім бастықтың. Мен арыз жазбайтын едім, емханаға барсам «сақтандыруыңыз жоқ, аға, сізді қарай алмаймыз» деді. Мен ауруханада жатқандықтан, кредит төлей алмадым», - дейді Жәнібек Тұяқбаев.
Оқыс оқиға орын алған мекемеден ешкім телефонға жауап бермеді. Ал компания есепшісі жұмысқа ешкім келмеді деген жауап қайтарды.
Өндіріс кезінде аса ауыр жарақат алған Жәнібек Тұяқбаев 1-2 жыл жұмысқа толық шыға алмайды. Сауығып шыққан күнде де, тек жеңіл жұмыстарға жарамды.
Заң бойынша, қайғылы оқиға болған соң 24 сағат ішінде жұмыс беруші еңбек инспекциясына хабарлама жіберіп, оқиғаның мән-жайын айтуы тиіс болған. Қазіргі таңда іс полицияның қарауында еңбек инспекциясына жолданды.
«Аталмыш дерек Жетісу аудандық полиция басқармасында тергелуде. Тәртіп бойынша іс материалдары арнайы тексеру жұмыстарын жүргізу үшін еңбек инспекциясына жөнелтілді. Оның ұйғарымы тергеушінің өндірісіне түскен сәтте процессуалды шешім қабылданатын болады», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Отбасында 6 адамды асырап жүрген Жәнібек әлі күнге дейін ауруханаға баруға мәжбүр. Енді ол еңбек инспекциясының шешімін күтеді.