Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған
Мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдар мен QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чек берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады.
Тақырыпқа орай: Кәсіпкер қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап етсе, тұтынушы шағымдана алады
«Тек әртүрлі тұлғадан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі. Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобилді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ», - делінген комитет таратқан хабарламада.