Кәсіпкер қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап етсе, тұтынушы шағымдана алады
Тұтынушылардың сұранысына сәйкес, кәсіпкер төлемге ыңғайлы жағдай жасауы тиіс
Арызды растайтын құжаттар болған жағдайда, қазақстандықтар шағымды eOtinish арқылы да, Wipon Cashback қосымшасы арқылы да бере алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаеваның айтуынша, кез келген сауда дүкенінің иесі тұтынушыға қандай тәсілмен төлем жасау ыңғайлы болса, сол тәсілде төлеуге мүмкіндік беруі керек.
«Егер маған карта арқылы төлем жасау ыңғайлы десеңіз, бірақ дүкен иесі қолма-қол қаражат арқылы төлем жасауын сұраса, мұндай жағдайда кәсіпкердің іс-әрекеті заңсыз яғни, тұтынушы құқығы бұзылып отыр. Осы жағдайда азаматтар мемлекеттік кірістер органдарына шағым түсіре алады» ,-дейді ол.
Аталған жағдайда кәсіпкерге шағым түскен жағдайда алдымен кәсіпкерге ескерту беріледі. Егер заңға қайшы бұл әрекеті бір жыл ішінде қайталанатын болса, саудагерге 20 АЕК (73 мың теңге) айыппұл салынады.