Оның сөзінше, халықты саяси тақырыптарға араластырғысы келетін топтардың мақсаты жүзеге аспай жатыр
«Халықты қазір саясат қызықтырмайды». Белгілі саясаттанушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Abay LIVE Youtube арнасына берген сұхбатында осылай деген. Оның сөзінше, халықты саяси тақырыптарға араластырғысы келетін топтардың мақсаты жүзеге аспай жатыр.
«Халықтың шынайы ойы, халықтың шынайы пікірі, ұлттың психологиясы деген ұғымдар бар. Біздің халықты қазір шынын айтқанда саясат қызықтырмайды. Одан да басқа экономика, кедейшілік сияқты мәселелер бар қызықтыратын. Бірақ белгілі бір топ халықты саяси топқа айналдырғысы келді. Екі жыл бойы айтып келе жатыр. Алайда одан нәтиже шықпады. Кез келген әлеуметтік зерттеуді алып қараңыз. Жұртты ол алаңдатып жатқан жоқ, қайта, керісінше, жұрт сол болған сұмдықтарды тезірек ұмытқысы келеді. Бұл да бір психологиялық феномен», - дейді Сарым.
«Мен ол топтарды ақпараттық сетка деп атаймын. Мамайдың сеткасы бар, «Оянның» («Oyan, Qazaqstan») сеткасы бар, Әблязовтың сеткасы бар. Оларды ұйым деуге де келмейді, қозғалыс деуге де келмейді. Қозғалыс деу үшін ең болмағанда кем дегенде әр облыста бөлімшең болуы керек, адамдарың болуы керек. Алматыда отырып мәселені шешу мүмкін. Сондықтан ақпараттық топтар өздеріне сеніп алған, өздері үйреніп алған тақырыптарды қоғамға таңып, соны басты проблема етіп көрсеткісі келеді. Ал шын мәнінде қоғамды мазалап жатқан тақырыптар мүлдем бөлек», - деп жауап берді ол «Бұл саяси топтар ма?» деген сұраққа.