Жаңадан салынып жатқан 80 мектептің 70-80 пайызы қазақ тілінде оқытылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақ мектебіне баратын балалардың санына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Брифингте Астана әкіміне «елорда тұрғындарының 80 пайызын қазақтар құрайды. Осы халықтың тең жартысының орыс сыныбын таңдауы әкім ретінде сізді алаңдата ма?» деген сұрақ қойылды.
Жеңіс Қасымбек бұл сұраққа қысқаша жауап беретінін айтты.
«Бұл жағдай өзгеріп жатыр. Мысалы, 2-3 жыл бұрын сіз айтқан пайыз төмен болған. Жыл сайын қазақ мектебіне, сыныбына баратын балалардың саны көбейіп жатыр. 80-нен астам жаңа мектеп салынып жатыр. Олардың 70-80 пайызы - қазақ мектебі», - деді Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімі ата-аналардың балаларын қазақ мектебіне беру бойынша оң өзгерістер бар екенін айтты.
«Жалпы оң динамика бар. Былтыр және биыл қанша бала қазақ мектебіне барғаны жайлы ресми статистика бере аламыз. Жағдай қазір өзгеріп жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек.