500 метр көрпе: Петропавлдық қолөнер шеберлері Қазақстанның рекордтар кітабына енді

Azattyq Rýhy

Қыз-келіншектердің енді мақсаты – Гиннестің рекордтар кітабына кіру

500 метр көрпе: Петропавлдық қолөнер шеберлері Қазақстанның рекордтар кітабына енді

Петропавлдық қолөнер шеберлері республикалық «Аламан құрақ» байқауына қатысып, жалпы ұзындығы 500 метр болатын көрпе тігуге өз үлестерін қосқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Он саусағынан өнер тамған шеберлер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Енді олар әлемдік рекордты  жаңартуды мақсат етіп отыр. Бұл – қазақ қолөнерінің тарихын кеңінен насихаттап, өңірде ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа насихаттап жүрген жандар. Райхан Сұрағанова зейнетке шықса да, сүйікті ісін тастамаған. Өзі 26 жыл бойы оқушыларды еңбекке баулып, жастарды тігіншіліктің қыр-сырына үйретіп жүр.

«Маған осы өнер әжемнен, әпкемнен тараған. Тігін машинасымен арпалысып әжем тігіп жатқанда бірге қатарласып отырып тігеді екенмін. Негізгі менің арманым математика пәнінің мұғалімі болу керек еді. Бірақ өсе келе сол қолөнер мұғаліміне айналып кеттім. Өзім не білдім, соны жастарға үйретумен болдым. Әлі күнге дейін ізденемін», - дейді қала тұрғыны Райхан Сұрағанова.

 Бұл «Аламан құрақ» байқауында тігілген 500 метрлік көрпенің бір бөлігі ғана. Елімізде алғаш рет өткен сайысқа өңірден 3 қолөнер шебері қатысқан. Олардың барлығы жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді.

«4 жасымнан кесте, күлжала тоқып, сосын тұрмысқа шыққаннан кейін көрпемен айналыстым. Қазір әлі де тоқыма тоқимын. Жалпы 1500 құрақшы жиналған. Содан барып, тақалған кезде көбі шығып кетті, кейбірі үй жағдайларымен, кейбірі сеніңкіремеді. Біз не болса да, аяғына дейін барайық деп, аяғына дейін бардық», - деді қолөнер шебері Бақыт Мұстафина.

Солтүстік қазақстандық тігіншілер қазір тағы бір байқауға дайындық үстінде. Әзірге оған аймақтан 17 тігінші қатысуға бел буған. Қыз-келіншектердің енді мақсаты – Гиннестің рекордтар кітабына кіру. Осылайша, бұл жандар отандық өніммен ұлттық өнерді барынша дамытуға ниетті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.