$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе облысының әкімі Жол картасы аясында атқарылған жұмыстар жайлы айтты

Аймақтың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылады

Ақтөбе облысының әкімі Жол картасы аясында атқарылған жұмыстар жайлы айтты

Ақтөбе облысы бойынша «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І форумы өтті. Іс-шарада «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы айтылып, аманаттық депутаттардың қызметін жандандыру жолдары талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Форумға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары мен екі жүзге жуық депутат, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, жергілікті мемлекеттік орган басшылары қатысты.

Форумның ашылуында сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров Жол картасы бойынша аймақтың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады.

«Биыл өңірде 3 жаңа ірі өнеркәсіптік нысан іске қосылған, атап айтқанда, мұнай-химия реагенттерін және мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ, ERG компаниясының шламды қайта өңдеу бойынша байыту фабрикасы. Осы жобалардың іске қосылуының арқасында облысқа 43 млрд теңге инвестиция тартылып, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 7,3 млрд теңгеге 1 627 өтінім мақұлданып, 1200-ден астам жұмыс орны пайда болды», - деді Шахаров.

Халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту мақсатында жыл басынан бері 990,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Мұғалжар, Алға және Ойыл аудандарында 3 дәрігерлік амбулатория ашылды. Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Ақтөбе қаласындағы екі мектепке қосымша ғимарат салынды.

Асхат Шахаров облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту, ауылшаруашылығы саласын дамыту, елді мекендерге ауызсу және газ тарту, инфрақұрылыммен қамту және экология мәселесін шешуді тапсырғанын атап өтті. Өңірді өркендету жолындағы міндеттерді сапалы жүзеге асыру жолында күш біріктіріп, тығыз байланыста жүйелі жұмыс атқарылатынына сенім білдіріп, партия мүшелерінің рөлін сөз етті.

«AMANAT» - елімізде ерекше орны бар ұйым. Оның әрбір өкілі өздерінің игілікті істерімен қоғам тірегіне айналды. Мәслихат депутаттары өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Саясаттағы сабақтастықты сақтап, партияның халық үшін жасап жатқан жұмыстары аз емес. Сөзден іске көшіп, саяси алаңда да, қоғамдық жұмыста да тұрғындардың сенімін барынша ақтау – ол үлкен міндет. Сайлаушылардың аманатын арқалаған партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуы – басты назарда», - деді ол.

Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов бүгінгі форум өңір еншісіндегі өзекті мәселені таразылап, нақты шешімдер қабылдайтын еркін алаң екенін алға тартты.

«Бүгінгі форумның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу. Осы бір маңызды мақсат дана халқымыздың «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қанатты қағидасынан туындайтын ой бірлігі, мүдде ортақтығы деген құндылықтар негізінде қалыптасты. Бүгінгі таңда депутаттардың қоғам алдындағы да, сайлаушылар алдындағы да жауапкершілігі артып отыр», - деді ол.

Ербол Данағұлов өз сөзінде партиялық жобалар мен партиялық бақылау жұмыстарына кеңірек тоқталды. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 1 мыңнан аса ардагер мен қарттарға қайырымдылық көмек көрсетілсе, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 400-ден аса іс-шара өткен.

«Жер аманаты» жобасы аясында 2022 жылы комиссиясы ықпалымен облыста 688,5 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылды. Бүгінгі күні 348,1 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне берілді.

Ал Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева әкімдіктер мен мәслихаттар бәсекелес те, қарсылас та емес, ортақ істегі серіктестер екенін айтып, олармен белсенді жұмыс жасауға шақырды.

Сондай-ақ, форумда сөз сөйлеген Ақтөбе облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Күлпаршын Айдарханова депутаттардың 30 наурыздан бастап осы кезге дейін атқарған жұмыстарын айтып берді. Оның сөзінше, фракция депутаттары елді мекендерде халықпен 41 кездесу өткізген. С5 фракция отырысы, депутаттардың 3 көшпелі отырысы ұйымдастырылды. 4 мәрте депутаттық сауал жолданып, нәтижесінде бюджеттен қосымша 10,9 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражат өзекті мәселелерге бағытталған.

Жалпы, Ақтөбе облысының сегізінші шақырылымындағы депутаттық корпус 202 депутаттан тұрады. Әйелдер – 24,8, жастар – 17,3 пайызды құрайды.

Форум аясында панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Облыстық басқарма басшылары мен депутаттар арасында «сұрақ-жауап» форматында кездесу өткізді. Әртүрлі саладағы өзекті мәселелер талқыланды.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары