Қазақстанда бәс тігуді насихаттайтын жарнамаларға тыйым салу жайы қаралып жатыр
Жалпы елімізде 13 букмекерлік кеңсе, 8 ойын автоматының залы және 5 казино бар

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бәс тігуді насихаттайтын жарнамаға тыйым салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство басшысы министрлік ойын бизнесінің жосықсыз субъектілерімен белсенді күресіп жатқанын жеткізді. Биылдың өзінде сотқа 14 талап-арыз жіберіліп, 7 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және 1 ойын автоматы залының жұмысын тоқтатқан.
Қазір депутаттармен бірлесіп, азаматтарды құмар ойындардан шектеу үшін бірқатар заңнамалық түзетулер әзірленді, деді министр. Атап айтқанда, жас шектеуін 25 жасқа дейін көтеру, букмекер кеңселер мен бәс тігу туралы кез келген жарнамаға барлық жерде тыйым салу қарастырылып жатыр. Жалпы елімізде 13 букмекерлік кеңсе, 8 ойын автоматының залы, 5 казино, 2 тотализатор, 1 лотерея операторы және 7 мыңнан астам агент жұмыс істейді.