«Бас ауыртып жатқан мемлекеттік орган бар»: Жамаубаев шекарадағы кептеліс туралы айтты

Мәселе «Қазақстан-Қырғызстан» шекарасы жайлы болып отыр

«Бас ауыртып жатқан мемлекеттік орган бар»: Жамаубаев шекарадағы кептеліс туралы айтты
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай шекарадағы кептеліске қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Шекара пунктерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша шаралар қабылдап жатырмыз, дамытып жатырмыз дейміз. Бірақ осыған қарамастан Қазақстан-Қырғызстан шекарасына барсаң, үнемі ұзын-сонар кезек, жүк көліктерінің кептелісі бірнеше шақырымға созылып жатады. Қазан айында БАҚ-та 600-ге жуық көлік апталап кезекте тұрғанын, кейбір тауарлардың мерзімі өтіп кетіп жатқанын хабарлады. Ол тек қырғыз шекарасындағы жағдай емес, Ресей шекарасына барсаң да осы. Үнемі айғай-шу, үнемі дау-дамай. Жалпы бұл проблеманы қашан шешеміз? Осыған бас ауыртып жатқан адам бар ма?», – деп сұрады депутат Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтан.

Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бұл мәселеге бас ауыртып жатқан мемлекеттік орган бар екенін айтты.

«Бас ауыртып жатқан мемлекеттік органдар бар. Өздеріңіз білесіздер, аталған бекеттер екі тарапқа бөлінеді. Біріншіден, бұл сыртқы шекара бойынша бекеттер. Олар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің қарамағында. Сондай-ақ ішкі, яғни Еуразиялық Одақтың ішкі шекаралары. Бұл жерде кеден бекеттері жоқ. Сол себепті бұл шекаралық қызметке немесе Көлік министрлігіне қатысты», - дейді ол.

Оның айтуынша, олардың әрқайсысы бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Егер сыртқы бекеттерге келетін болсақ, Қаржы министрлігі негізгі 10 бекет бойынша, оның 5-еуі ҚХР-мен шекаралас, 4-еуі Өзбекстанмен және біреуі Түрікменстанмен шекаралас орналасқан. Осы бекеттер бойынша толық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар 2024 жылы аяқталады. Егер ішкі шекараларға келетін болсақ, ол жерде кеден бекеттері жоқ. Сіз айтып отырғандан, ол жерлерде Ресеймен, Қырғызстанмен кептелістер болады. Бұл мәселе Көлік министрлігіне қарасты. Олардың өздерінің жоспарлары бар», - деп жауап берді Жамаубаев.

Вице-премьер кептеліс Қырғызстанмен шекарада жиі болатынын айтып, оны өткіззу бекеттерінде атқарылып жатқан жұмыстар есебінен шешіліп жатқанын атап өтті.

Кезек мәселесін шешу үшін арнайы платформа іске қосылғанын айтты. Оның сөзінше, 500- 600 көлік жиналып қалған кептеліс арнайы контрабандалық операциялар кезінде болады.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.