«Капиталды сыртқа шығаруға мүмкіндік бермейміз»: Жамаубаев заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынды
Ол тексерілетін мәмілелер бойынша ақпарат болмай жататынын жеткізді
Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысының трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, заңға тиісті түзетулердің жобасы әзірленді. Заң жобасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшыларымен алдын-ала пысықталып, қолдау тапты. Қазіргі уақытта заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мысалға, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек», - деді Жамаубаев.
Оның айтуынша, халықаралық мәмілелердің сипатын ескеріп, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады.
«Бұл шешім салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Қазір баға диапазоны мен рентабельділік, нарықтық бағалардың минималды және максималды мәндерімен айқындалады. Ол нақты бағаларға сәйкес келмеуі мүмкін. Заң жобасында неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылады. Бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Қаржы министрі атағандай, кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады.
«Олар өзара байланысты тараптар болып саналмайды да экспортталатын өнімді одан әрі сату кезінде тәуекелдер деңгейі төмен болады. Шикізат өнімдерін сондай «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылады», - деді ол.
Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі уақытта трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларында жасалған мәмілелер бойынша жүзеге асырылмайды.
«Әдетте ондай мәмілелер нарықтық бағадан төмен бағамен жасалады. Бұл елден капиталды сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, заңнан жоғарыда аталған норманы алып тастау ұсынылады. Қазіргі таңда ірі мәмілелер бойынша жергілікті есептілікті ұсыну міндеті халықаралық топқа қатысушыларға жүктелген. Заң жобасымен жергілікті есептілікті ұсыну міндеті өзара байланысты бейрезидент-тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге жүктеу ұсынылады. Бұл мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ