Ол жоспар декларативті болып қалуы мүмкін екенін айтты
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс депутат Асхат Аймағамбетов есірткіге қарсы жоспарды жақсылап оқып шыққанын айтты.
«Әрине, мұндай жоспардың болмағаннан гөрі, болғаны жақсы. Бірақ шынын айту керек, жоспар мүлдем көңілден шыққан жоқ. Негізінен, өте әлсіз деуге болады. Неге? Өткені, нақтылық аз. Осыған қатысты жоспар декларативті болып қала ма деп қорқамын. «Жетілдіру», «қарастыру», «ұсыныс беру», «бұйрық қабылда» сынды пункттер өте көп. Мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеген азамат ретінде айтамын, мемлекеттік қызметте нақты мақсат қоймасаң, нәтиже болмайды. Индикаторларға келетін болсақ, айналдырған 8 индикатор бар. Медициналық оңалтумен қамту 2023 жылы 26 пайыз болса, 2025 жылы 30 пайызға жетеді дейді. Мұндай әлсіз, біржақты, қолжетімді индикаторларды неге қоямыз. Есірткімен күресті ғылыми зерттеулерсіз жүргізу мүмкін емес. Оны біз толық білуіміз керек», - деді депутат.
Бұл сұрақтарға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жауап берді.
«Бұл жоспар 2015 жылға дейін болмады. Жалпы мүлдем жұмыс істелмеді деп айту дұрыс емес. Президент арнайы тапсырма берді. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған. Бұл бірінші құжат. Қандай проблема бар, соларды қосамыз. Индикаторлар бойынша органдар өздерінің ұсыныстарын қосты. Бұл жалғасын табатын құжат болғандықтан, индикаторлар толықтырылып отырады», - деді Сәденов.