Бас санитар: Нұр-Сұлтандағы күшейтілген карантин режимі оң нәтижесін берді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанға коронавирусты жедел анықтайтын 96 мың экспресс-тест жеткізілді

Суретте: Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова

Бұл туралы еліміздің Бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында енгізілген карантин шаралары оң нәтиже берген.

«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында енгізілген карантин шаралары оң нәтиже берді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда 28 наурыздан бастап індет жұқтырғандардың саны азайып келеді. Сол күннен бастап 5 сәуірге дейінгі жұқтыру деңгейі 60 пайызға дейін азайды. Ал Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны күніне орта есеппен, 6-15 адам аралығында», - деді ол.

Алайда, кей өңірлерде COVID-19 жұқтырғандардың өсімі байқалады.

«Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстарында коронавирус жұқтыру өсімі жоғары. Яғни, ол өңірлерде қосымша шектеу шараларын енгізу керек», - деді бас санитар дәрігер.

Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова коронавирусты жедел анықтайтын 96 мың экспресс-тест жеткізілгенін хабарлады.

«Енді ел бойынша тәулігіне 500-ден 1 мыңға дейінгі адам экспресс-тестен өтеді. Жедел тест Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жасалынады. Менің қаулыммен жедел тестен өтетіндердің тізімі белгілі болды. Олар ЖРВИ белгілері бар, бірақ ауруханаға жатқызылмаған жедел жәрдем қызметкерлері, COVID-19 жұқтырған науқастармен байланыста болған адамдар, автобекеттер мен теміржол арқылы өткендер мен төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік қызметкерлер. Десек те, коронавирусты анықтаудың негізгі жолы - бұл ПЦР (полимеразалық тізбекті реакция - авт.) диагностикасы», - деді ол.

Естеріңзге салсақ, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус анықтайтын тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шыққан отандық ғалымдарды құттықтады.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан