Төменгі сынып оқушысын сабаған оралдық балалардың ата-аналары жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Орал қалалық білім беру бөлімі құрған комиссия лицейдегі оқиғаны тексеріп жатыр

Фото: istockphoto/mrohana

Оралдағы №38 мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысын жәбірлеген жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды. Осы келеңсіздікке жол берген мұғалімдерге де енді шара қолданылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Астана телеарнасына сілтеме жасап.

9-класс оқушылары өзінен екі жас кіші жеткіншекті әжетханада сабауды әдетке айналдырған. Мұнымен шектелмеген олар күш көрсеткенін видеоға түсіріп, Инстаграмға жариялапты. Баласы таяқтан көз ашпаған баланың ата-анасы оларға қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр. Өйткені әлімжеттік жасаған жасөспірімдердің ата-аналары кешірім сұрау түгілі, өздерін балағаттаған көрінеді.

«Балам күнде соққы алып, әжетханаға кіргізіп ұрады дейді. Күндегісін күнде ұрады дейді. Енді айта алмай тұр ғой бізге бала деген. Әбден Инстаграмға тарағаннан кейін барып айтып тұр ғой. Директор, басшыға да бәріне де айттым. Орынбасары да бәрі біліп отыр. Екінші рет кешірім беріңізші, үшіншіде қайталанбайды дейді. Менің үшінші рет қайталанатынына көзім жетіп тұр», - дейді жәбірленген баланың анасы Назгүл Дауылбаева.

Орал қалалық білім беру бөлімі құрған комиссия лицейдегі лаңды тексеріп жатыр. Баласы қысым көрген ата-ананың жанайқайына құлақ аспаған оралдық омбудсменнің де жұмыстан кетуі мүмкін. Оралда іссапармен жүрген оқу-ағарту министрі бұл мәселені бір аптада шешуді тапсырды.

«Қоғаммен жұмыс істеуде, балалармен жұмыс істеуде жалпы мұндай балалар құқығын қорғау өкілінің екі тілді болғаны абзал. Себебі баламен тілдесу үшін де оның тілінде сөйлемеу бұл балалардың белгілі бір деңгейде құқығын шектеуге алып келеді. Сондықтан бұл көтеріп отырған мәселе заңды және қажетті деп есептеймін», - деді Ғани Бейсембаев.