Атырау өңірі халқының 99,8%-ы газбен қамтылған – облыс әкімі

Автор: Azattyq Rýhy

Аймақта 10 ай ішінде 43,9 млн тонна мұнай, 22,7 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілді

Бүгінде Атырау облысында 2 қала және 137 ауылдық елді мекен газбен қамтылған. Яғни халықтың басым бөлігі көгілдір отынға қол жеткізді. Қараша айында Қызыл үй және Жасқайрат ауылдарына газ желісі тартылып, 102 шақырым газ құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 300-ге жуық тұрғын табиғи газбен қамтылды. Бұл туралы өңір басшысы Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, қазір 6 ауылда газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба қуаты 50 мың текше метр болатын «Финская» АГТС арқылы жүзеге асырылуда. Кәсіпорын 1994 жылы салынған.

«Осыған байланысты қазір ұзындығы 46,8 шақырым болатын магистралды газ құбырының құрылысы және жаңа газ тарату стансасы салынады. Бұл өз кезегінде 160 мыңнан астам адамды құрайтын қала мен қала маңындағы кенттердің тұрғындарын тұрақты газбен қамтуға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, өңірде 368 шақырым газ құбыры өтіп жатыр. Бұрын Өзбекстанға ресейлік газ Қазақстан аумағы бойынша өтетін. Кейін ол тоқтатылды. Енді ел президенттерінің келісімі бойынша қайтадан транзитпен газ Өзбекстанға беріліп отыр. Ол елімізге қаржылай түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ мұндай шешім транзиттік әлеуетті арттырып, тапшылық кезде газды пайдалануға септігін тигізеді.

«Тағы бір ірі жоба ол –«Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбыры. Құны 99,8 млрд теңгені құрайды. Жобаны «QazaqGaz» компания өз қаржыландырды. Ол Атырау өңрінің, Атырау қаласы  тұрғындарын тұрақты газбен қамтуға мүмкіндік береді. Лупинг дейміз. 130 шақырым қосымша газ құбыры тартылды», – деп мәлімдеді С.Шәпкенов.

Атырау өңірі бүкіл республика бойынша инвестициялар тарту бойынша алдыңғы орында тұр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде сыртқы инвестиция – 902 млрд теңге, ішкі инвестиция – 1,5 трлн теңге. Елімізге тартылған инвестициялардағы Атыраудың үлесі 18,3%-ды құрайды.

«Есепті кезеңде облысқа 3,5 млрд АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Оның ішінде, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, құрылысқа, кәсіби, ғылыми-техникалық қызметке және басқа да салалары қамтылды», – деді С.Шәпкенов.

Биыл облыста полипропиленнен өнім өндіретін 3 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Өңір әкімі бұл кәсіпорындардың қай бағытта жұмыс істейтіні жайлы айтып өтті.

«Біріншісі -құны 76 млрд теңгені құрайтын Атырау қаласынан жүк тасымалдайтын теміржол вагондарын жасау зауыты. Зауытта 1 700 адам жұмыспен қамтылады. Екіншісі- сұйытылған газ сақтау қоймасы. Жоба құны – 18 млн АҚШ доллар. Үшіншісі – аумағы 5,6 га құрайтын жылыжай құрылысы. Жоба құны – 8 млрд теңге», – деді өңір басшысы.

Олар 2024 жылы іске қосылады.

Биыл мұнайлы өлкенің өнеркәсіптік көрсеткіштері де айтарлықтай өсті. Шығарылған өнім көлемі 14%-ға артып, 9 трлн теңгені құрап отыр.

Оның айтуынша, жалпы республикамыздың өнеркәсіп көлемінің 24%-ы Атырау облысына тиесілі. Аймақта 10 ай ішінде 43,9 млн тонна мұнай, 22,7 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілді.

Мұндай жоғары жетістіктер облыстың жалпы ішкі өңірлік өнім көлемі көрсеткішіне де оң әсерін тигізді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы 1 жартыжылдықта облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 315,2 млрд теңгеге өсіп, 6,7 трлн теңгені, нақты көлем индексі 103,8%-ды құрады. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі – 14,1%. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 9,6 млн теңге. Әкім өңірдің салықтық түсімдері жайлы да айтып өтті.

«Жыл басынан бері салықтық және басқа да міндетті түсімдер 4,8 трлн теңгені құрады. Оның 2,3 трлн теңгесі мемлекеттік бюджетке жөнелтілді. Яғни 1,7 трлн теңгесі республикалық бюджетке,  6 млрд теңге қаражат жергілікті бюджетке түсті. Ұлттық қорға 2,5 трлн теңге аударылды», – деді Серік Шәпкенов.

Өңір әкімі басқа да маңызды макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталып, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау қызметіндегі оң өзгерістерді атап өтті.