$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.12.2023, 11:39
Қоғам

«Ағынан жарылған»: Дархан Мыңбай тұңғыш Президенттің мемуарлық кітабы жайлы

Ол көп отандасты кітап бейжай қалдырмағаны анық деп санайды 

«Ағынан жарылған»: Дархан Мыңбай тұңғыш Президенттің мемуарлық кітабы жайлы
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында сатылымға түскен “Менің өмірім” атты мемуарлық кітабына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

САЯСИ-МӘДЕНИ ДӘСТҮР 

Бүгінде өткен-кеткенді тізбелеп, кітап етіп шығару ерекше жаңалық емес. Цензура жойылып, сөз бостандығына ерік тигелі том-том, іркес-тіркес жарық көріп жатқан туындылардың мазмұны да, сапасы да әр қилы. Сондықтан таңдау оқырман талғамына, танымына, тіпті сауатына жүктеледі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жақында сатылымға түскен “Менің өмірім” атты мемуарлық кітабы көп отандасты бейжай қалдырмағаны анық. Оның басты себебі - тәуелсіз елімізде аталған жанрда жазылған дүниелер көп те, аз да деп айта алмаймыз. Саяси мемуар жөнінен келгенде, бұл - бауашар еңбек. Оның үстіне мейірім мен әдепті дәстүрдің арқауы еткен халқымыз көрген-білгенін, істеген ісі мен атақарған еңбегін ұрпаққа ауызекі айтып қана қоймай, жазып та қалдырған. “Тау алыстаған сайын биік көрінеді” деген сөз бар. Кеше ғана өткен дәуір жөнінде жеке тұлғаның толғауы мен қалың жұртшылықта қалыптасқан ортақ пікір, тұтас қоғамдық сараптама бір қалыптан шықпайтыны рас. Әрине, уақыт кеңістігінде үйлесетін, ұлттық құндылық төңірегінде ұйысатын белгілері болуы әбден мүмкін. Бәлкім, ешқандай әдеби қалыпқа сыймайтын мемуар табиғаты сондай ерекшелігімен қызықты, ағынан жарылған сырларымен тартымды болар. Айталық, кейде ел басқарған адамдардың билікте жүргенде ғана айтатын әңгімесі, жазатын ресми оқиға-фактілері бар. Сондай-ақ ойда ұзақ жыл сыр ретінде сақталатын, тек мемуарда ғана баяндалатын ертеңгі тарих үшін маңызды жайттар аз емес. Бұл нәзік сәттерді де ұмытпалық. Абай айтқан “Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін” ақиқаты барлық дәуірге ортақ. Сондықтан бәз-баяғы “ұзынқұлақпен” әуестеніп, өзі кітаппен таныспай сөз қозғайтындар да табылады.

Тұңғыш Президентіміз әлемнің 71 еліне ұзын саны 534 рет сапарлағанда, жеке шаруамен немесе туристік қызығушылықпен жүрмеген болар. Біз үшін халқымыздың жеткен жеңістері мен алған асуларындағы мемлекет басшысының атқарған рөлі, тарихи шешімдер қабылдау барысындағы ұстанымы, бұрын-соңды жарияланбаған қыры мен сыры маңыздырақ болуға тиісті. Заманында италиялық саясаттанушы-философ Николла Макиавелли: “Халықтың болмысын білгің келсе, ел басқар. Ел басшысының табиғатын ұғамын десең, халық арасына барып, даналығын меңгер» дегені бар еді.Міне, осы нақыл аясында парықтасақ, ел басшысының өзі ел басқарған кезең туралы баяндауы, өзі басында және жуан ортасында жүрген таяу тарихтағы тағдыршешті оқиғалар жөніндегі көзқарасы тарихнама, дерекнама үшін құндылығын жоймайды. Осы кітапта ұлтымызды шыңдаған тарих сабағы былайша бірауыз сөзге сыйдырылған: “Патша өкіметінің отарлау саясаты кезінде де, сталиндік жер аудару, тың игеру, екпінді құрылыстар салу кезінде де адамдардың көбінесе саясаттың тетігіне айналғаны белгілі. Сондай жағдайда да қазақтар ғасырлар бойы қалыптасқан қонақжайлық салтын, мейірімділік дәстүрін бұзған жоқ” (105-бет). Мұнда үлкен мән бар. Өйткені, әр оқиғаның себебі мен салдарын түсінуге, түсіндірудің де жүйесі бар. Өз орны бар шындықтың беті ертелі-кеш түбі ашылады.

Кітапта парламентпен қарым-қатынаста Н.Назарбаев мемлекет басшысы ретінде екі бұрыс шешім қабылдағанын мойындайды. Оның бірі - бастапқы кезеңдегі билік құрылымына вице-президент лауазымын енгізгенін және содан туындаған екінші қадам - Жоғарғы Кеңестің жаңа сайлауын өткізгендігін еске алады. Алайда сол кезде еліміздің саяси сипатын айқындауға оның түрткі болғанын атап көрсетеді. 1993 жылғы Ата Заңымызда республикамыздың президенттік немесе парламенттік екені айқындалмағаны елдің дамуына тежеу болғанына бірнеше уәж келтіреді. Пәрменді іс-әрекеттің бәрі советтік психологиядан тезірек арылып, жаңа мемлекеттің мүддесіне сай реформалар жүргізуде кешігіп қалмау қамымен жасалғанын баяндайды. Ең басты өзгеріс - дербес экономикалық саясаты болмаған еліміздің нарықтық қатынасқа көшіру еді. Сонымен бірге тұңғыш Президент Н.Назарбаев  институциялдық реформаны дәйекті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Оған жер қойнауындағы байлықты игерудің, көмір-сутегі шикізатын пайдаланып, мұнай-газ саласын жаңа заманға сай дамытудың пайдасы тиді. Қазақстан дүниежүзілік мұнай нарығынан лайықты орын алды.

ХХ ғасырда салынған Түркісіб темір жолының ұзындығы - 1442 шақырым болса,  тәуелсіздіктің отыз жылында 2,5 мың шақырымдық бірнеше темір жол салынғанын, “Батыс Еуропа - Батыс Қытай” халықаралық транзит дәлізінің ұзындығы - 8445 шақырымға жеткенін, оның 2787 шақырымы Қазақстан аумағынан өтетінін көпшіліктің есіне қайта салғаны - экономикамыздың дамығанын көрсететін нақты дәлел дей аламыз. Жалпы, кітаптың көп тарауларының ішінен бізге аса ұнағаны - “Астана” тарауы. Оның басында Кенесары ханға, оған 2001 жылы қойылған ескерткішке қатысты ойлар барша қазақтың көкірек көзін аша түседі. Халқының басына түскен тауқымет қабырғасын қайыстырған, сол жолда басын бәйгеге тіккен соңғы хан атының өзі ұрпақты жігерлендіреді. Ол ұлт намысының символы іспетті. «Тәуелсіздіктің қадірін білу керек» дейміз. Ол үшін ұдайы ауызбірлік, жасампаздық, ерлік іс қажет. Автор: “Тәуелсіздіктің басты өлшемі - өзіңнің тағдырыңды өзің шешуге қабілеттілігің. Тәуелсіз саясат жүргізе алуың. Соған шамаңның жетуі, мүмкіндігіңнің келуі” - деп мәні терең анықтама берген.Біздіңше, осының нақты бір мысалы - Астана. Дәл осы жерге, Сарыарқа төсінде заман талаптарына сай, астанаға лайық қала салу - ата-бабаларымыздың асыл арманы еді деп айта алмаймыз. “Астана ауыстырудың қажеттілігі мемлекеттің түпкі мүдделерінен ғана туындаған жоқ, мұның өзі біз үшін XXI ғасыр стратегиясының бір нышаны” - деп жазады тұңғыш Президент. “Негізгі себебі - жас мемлекеттің тыныс-тіршілігіне сілкініс алып келу қажеттігі” екенін де ашып айтқан.Сол шақта оның идеясын қолдаудан гөрі күле қарағандар, мысқылдағандар көбірек болғаны шындық еді. “Астананың алғашқы авторы - Тәуелсіздік, Қазақстан тәуелсіздік алмаса,  Астана өмірге келмес еді” дегені де рас.“Астана ауыстыруға бекіну  арқылы өмір бойы жинап-терген абыройымды да безбен басына салып тұрғанымды түсіндім. ...Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. ...сондай күндердің бірінде анам түсіме кірді. Маған қарап басын изегенін анық көрдім. “Бәрі дұрыс болады, кіріс, балам” деді. Тәуекел!”.  Иә, елдің басшысы 1994 жылы 6 шілдеде астананы Ақмолаға көшірудің артықшылықтарын айтып, депутаттар алдында сөйлегенін Жоғарғы Кеңес аппаратында аудармашы болып жұмыс істеп жүргенде өзіміз де көріп, естіген едік. Қоспасыз, сол қалпында баяндапты. Әбіш Кекілбаевтың: “Президентіміздің туған күніне жасаған тартуымыз болсын!”- деп дауысқа салып жіберіп, көпшілік дауыспен шешім қабылданғаны, естелігінде сол ахуалды суреттеп жазғаны тарихи ақиқат еді. Одан кейін мемлекеттік комиссия жасақталып, қаржы көзін тауып, қарастыратын “Жаңа астана” қоры құрылады да, инвесторлар тарту ісі басталып кетеді. Үш жыл бойы ай сайын осында келіп, құрылыс қарқынын көзімен көріп, қадағалауының өзі қайсарлық пен сенім қуаты еді. Көрнекті жазушы, Еңбек Ері Әкім Тарази былай жазады: “Өзім алғашқыда “Ақмола аядай ғана қала, ол қалай астана болады?” деген күдік-күшіктің шәуілін көп естіп, күмәнға бой алдырған жандарды жиі кездестіргенім рас. Саз балшығы иленіп жатқан қу медиен даланың үстінен қалай қала тұрғызбақшы деген сенімсіз ойдан біз де құралақан емес едік. Тоғыз жолдың торабы ретінде Ақмоланы таңдаған Президент шешімін түсіне қабылдағанымызбен, қаланың сол кездегі тозығы жеткен, жұпыны сиқы әлі де жұрт сенімін жарқын жаққа бастап кете алмай жатқан. Осылай екіұдай күй кешіп жүрген 1997 жылдың қысында Алматыдан астананы Ақмолаға көшіруге байланысты салтанатты жиналыс өтті. Он вагонның бағытын Арқаға түзулеп, солтүстікті бетке алған игі жайсаңдар арасында мен де бар едім. Жиналыс өткен соң, келесі күні Есіл үстінен өтетін жалғыз көпірдің үстінде марқұм Сайын Мұратбеков екеуміз мұңайып, күпті көңілімізді жұбата алмай тұрдық. Арғы жағалау - құлазыған дала. Кезінде облыс орталығы болып та жарытпаған қаланың келбеті жанымды жабырқатты. “Мына жазық дала ертең қалай көрікті қалаға айналып шыға келмек?” деген сенімсіз ойдың санаға берік орнығып кетпей қойғаны - бәрі-бәрі рас”.

Бұл естелікті миллиондаған оқырманның көзі шалған болар. Сол қаланы бүгінгі әлем таныған сәулетті Астанаға айналдыру үшін қаншама қажыр-қайрат, күш-жігер, қаражат қажет болды. Соның бәрі ретімен шешілді. Арасында жаңа астанасын тұрғызып жатқан елімізге көмек қолын созған мемлекеттер, дос пейілді діндестер мен бауырластар, қандастар мен тілеулестер де болды. Кітапта солардың баршасының атын атап, түсін түстеуді де үлкен мәдениеттілік деп қарауға тиіспіз. Жалпы, Астанада әрбір ғимаратта ғана емес, аса елеулі нысандардың архитектурасында,  қазығынан бастап кірпішіне дейін тұңғыш Президенттің қолының табы бар деп бекер айтылмайды. Мысалы, ол “Астана” - “Бәйтерек” монументі композициясы ұстынындағы философиялық ұғымдарды негіздеп енгізді. Кезінде Ұлттық музей құрылысына келіп, жобадағы әлемдік деңгейдің талабына сәйкес ұсынысымыздың ескерілуіне ықпал еткеніне де куәміз. Сондай-ақ, кітапта қаламыздың жасыл белдеуіне айналған ормандық алқап жайында да кеңінен мағлұмат берілгені орынды. Қазір Астанадағы жасыл желектің жердің көлемі -15 мың гектарға жуықтаса, орман аумағы 90 мыңдай гектарды алып жатыр. Бұрыннан дәстүрімізде бар мұндай жоба кез келген қаланы көріктендіретіні сөзсіз. Ал Астанада 2010 жыл өткен ЕҚЫҰ саммиті, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі тәуелсіз елімізге әлемдік ауқымды зор міндеттерді орындауға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Шын мәнінде, елорданың салынып, қарыштап дамуы өзге өңірлердің де жарыса өркендеуіне серпін беріп қана қойған жоқ. Сонымен бірге халқымыздың рухын көтеріп, ұйыса түсуіне, ел ертеңіне сеніп, жаңа іргелі жоспарларды іске асыруына жол ашып берді. Қорыта айтқанда, мемуар еріккеннің ісі емес. Ол мақтанның да, ұрпақтан марапат алудың да жөніне жатпайды. Адамзат тарихында барлық елдің басшылары өмір жолын, тәжірибесін қағазға түсіре алмаған. Советтік кезеңнің  көшбасшы тұлғалары Ленин, Сталин, өзге де басшылар мемуар жазбағаны белгілі. Ал Наполеонның мемуары мистификация деп танылған. Осы ретте өз дәуірінің, қоғамдық-саяси үдерістің, жеке өмірбаянының деректерін қоғам талқысына шығарған қайраткер-автордың еңбегін әрі батылдық, әрі жауапкершілік деп бағалаған жөн.

Күн мен түн секілді адам өмірінде де жақсылық пен жамандық, сәтті күндер мен сәтсіз шақтар қатар жүреді. XI ғасырда өмір сүрген көрнекті ғұлама, ақын, қайраткер Жүсіп Баласағұни: “Бай бол, кeдей бол, бірақ адамшылықтан айныма” депті. Ел басқарған азамат өмір жолын ақ параққа түсіріп, ағынан жарылуы - ішкі сырын халқымен бүкпесіз бөліскені. «Болған іске болаттай бол!» дегендей, шындықты немесе жеке ойы мен сырын жасырмай ақтаруы - адамшылық іс, азаматтық парыз.  Тұңғыш Президенттің тек ғұмырбаянмен шектелмей, мемлекет тарихының елеулі кезеңін талдап-таразылаған мемуары - тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне қадам басқан еліміз үшін жаңа саяси-мәдени дәстүр, тың қайраткерлік естелік бастамасы. Автордың өзі айтқандай, атқарылған жұмыстың шын мәнісін, ақ-қарасын тек уақыт пен тарих қана айқындайды.

Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ замандастары жөнінде жазғанынан үзінділер:

Дінмұхамед ҚОНАЕВ туралы: “Сан түрлі себептерге байланысты кезінде екеуміздің арамызда алуан-алуан қарым-қатынас орнағанымен, мені Қарағандыға барған бір сапарында танып-біліп, жанына жақын тұтып, әуелі Орталық комитеттің хатшысы болуыма, кейіннен Үкімет басқаруыма тікелей қамқорлық жасаған, өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп отырған халқымыздың ардақты азаматы, Қазақстанды ширек ғасыр бойы басқарған Дінмұхамед Қонаевты да өзімнің ұстазым деп білемін. Сусымалы саясаттың салдарынан арамыздың суып кеткен кезеңдері кездессе де, өмірінің соңғы жылдарында ағалы-інілі күйде қайта табысқанымызға шүкіршілік етемін”.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ туралы: “Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінде Әбекең қай қиырға салсам да, қиядан көрінді, қай тереңге салсам да бойлап та, ойлап та шыға білді. Ойымдағының орайын тапты, қай істе де қайраткерлік пен ерік-жігердің үлгісін көрсетті. Мемлекеттік-қоғамдық қызметтің аласапыранында жүріп, қаламын одан әрі ұштай білді. Қазақ әдебиетінің ғана пмес, қазақ саяси ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтитын сындарлы толғаулар мен салдарлы мақалалар жазды, ел мен жердің бүгіні мен ертеңі туралы көсілген ой, көсем сөз тудырды. Тіл тағдырын, діл тағдырын, дін тағдырын ұштастырған ұлағатты пікірлері мен ұрымтал ойлары жұртының жүрегіне жетті. Әбіш дәйім қасымнан табылды. Мемлекеттік кеңесші, ұлттық саясаттың ұраншысы болды. Кәсіби парламенттің төрағасы болды, ел парламентаризмінің қалыптасуына үлес қосты. Мемлекеттік хатшы болды. Қай қызметтің тізгінін ұстаса да жоғары жауапкершілік, өз халқына деген перзенттік парыздан айныған жоқ”.

Серікболсын ӘБДІЛДИН туралы: “Жалпы, жылдар өте келе, бүгінгі күн биігінен қарағанда, өз басым Серікболсын Әбділдаұлына айтар өкпем жоқ. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста азаттықтың алғашқы тәй-тәй басқан жылдарында жанымда болып, бірге қызмет атқарған азаматтардың ішінде есімін атап, ризашылығымды білдіргенмін. Өз сеніміне сай, өз мүмкіндігіне сай жұмыс істеді. Не айтса да, өзіме айтты, көзіме айтты, тасада тұрып тас атпады, шетелге қашып, елін жамандап жатпады. Келіспеушілікті қақтығысқа жеткізбеуге септесті. Президенттік және парламенттік биліктің тіресуі бейбіт жолмен бітті”.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ туралы: “Ол мен тағайындаған лауазымдардың бәрінде лайықты қызмет атқарды. Қандай орында да оның бөлекше білімділігі, ішкі мәдениеті, ұйымдастырушылық қабілеті, бойына о бастан біткен ұстамдылығы, кеңестік дипломатияның биік мектебінен өткен кәсібилігі келісті көрініп тұратын. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын қалыптастыруда, әсіресе айналамыздағы елдердің бәрімен шекараны делимитациялап алуымызға оның білімі көмекке келді. Аспан асты елімен шекара сызығы жөнінде келіссөз жүргізу кезінде біздің сыртқы істер министрінің қытайтанушы болғанының, ұлы көршіміздің арғы-бергідегі саясатын, шекараның шытырман мәселелерін жетік білгенінің көп пайдасы тиді. Мемлекет басшысы үшін Қ.К. Тоқаевтың бойындағы сөзге беріктік пен таңдаған бағыттан таймау сияқты адамдық қасиеттер өте маңызды. Мен мұны жоғары бағалаймын”.

Авторы:  Дархан МЫҢБАЙ 

Серіктес жаңалықтары