Ол еңбек инспекциясының өндірістік кәсіпорындарды тексеруі жайлы айтты
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды жетілдіру бойынша көшпелі отырыста Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мемлекеттік органдардың жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Депутат атап өткендей, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке азаматтардың еңбек қауіпсіздігіне қатысты тапсырма берген болатын.
«Бірақ қазіргі уақытта мардымды, қанағаттанатын жұмыс бар деп айту қиын. Әрине, түрлі апаттан кейін осы тақырыпты көтереміз. Жасыратын несі бар... Бұған дейін шахтадағы апаттан кейін қоғам осы проблеманы көтерді. Осы тақырып 1-2 апта бойы күн тәртібінде болды. Одан кейін назар басқа мәселелерге ауысып кетті. Енді қазір осы мәселе тиісті деңгейде шешіліп жатыр ма деген сұрақ барлығымызды мазалайды», - деді Аймағамбетов.
Асхат Аймағамбетов Парламент депутаттары еңбек қауіпсіздігі мәселелесін басты назарда ұстап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, депутаттар заңнамалық түзетулерді дайындаған.
«Бізге қажеті – жүйелі жұмыс. Біз тек қана проблеманы көтеріп, депутаттық сауалдарды жолдап отыра бермей, проблеманы жүйелі, кешенді шешу үшін арнайы түзетулерді дайындадық. Ең өкініштісі, бүгінде мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы жоқ. Оны ашық айтуымыз керек. Рейтингтерді қуалаймыз деп, барлық бақылау жүйесін жоғалтып алдық. Оны да айтуымыз керек», - деп айтты депутат.
Оның айтуынша, бүгінде ең ірі жұмыс берушінің бірі – әкімдік. Бірақ ол қазір әкімдіктің қарамағында.
«Қазір тіпті еңбек инспекциясының тексеруге ешқандай құқығы да қалмады. Бұрын құқығы тәуекелдер картасы бойынша болған, қазір одан да айырылып қалды. Яғни, қазір ешқандай кәсіпорынға дер кезінде барып, тексеру мүмкіндігі жоқ», - деп түсіндірді ол.
Депутаттар ұсынып отырған түзету бойынша еңбек инспекциясына тиісті мекемеге барып, тексеріп, 3 күннің ішінде тиісті хаттаманы беріп, тексерісті тіркеуге мүмкіндікті беру көзделіп отыр. Аймағамбетов айтып өткендей, қазіргі заңнамада еңбек инспекциясы ешқандай мекемені тексере алмайды.
«Қазақстан өлімге әкелмейтін травматизм көрсеткіштері бойынша әлемде 15-орында тұр. Бұл барлығымызды ойландыруы керек деп ойлаймын. Қазіргі уақытта кәсіпорынға еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуден гөрі айыппұл төлей салу оңайырақ болып тұр. Бұл тіпті монополистерге, олигархтарға ыңғайлы, кейде жауапкершілікке тартылмайтын мүмкіндігі де бар. Еңбек қауіпсіздігінің талаптарын орындамаса, тек ескерту ғана беретін норма заңнамада жазылған. Яғни, аз ғана айыппұлдың өзі де жоқ, тек қана ескерту береді. Ол ескертуден ешқандай пайда да болмайды, ешқандай нәтиже де болмайды», - деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Депутат атап өткендей, осының салдарынан жарақат алып, тіпті қайтыс болып жатқан да азаматтарымыз бар.
Статистика қарасақ, 2022 жылы жазатайым оқиғалардың саны шамамен 300-ге көбейген. Яғни 2 449 оқиға. Бұл – өте үлкен көрсеткіш.