$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Волонтер болуыма белсенді өмірлік ұстанымым әсер етті – Ақерке Ескендір

Ол волонтер болуының сырымен бөлісті

Волонтер болуыма белсенді өмірлік ұстанымым әсер етті – Ақерке Ескендір

«Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Ескендір Халықаралық волонтерлер күні аясында бұл саланың артықшылығы мен ерекшелігі жайлы өз тәжірибесі негізінде айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бүгін – Халықаралық волонтерлер күні. Экономикалық және әлеуметтік даму үшін Халықаралық еріктілер күні 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-шы сессиясында бекітілген екен.

«Еріктілік - бүкіл әлем бойынша әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған үлкен, жаңартылатын ресурс. Әлем өсіп келе жатқан қиындықтарға кезіккенде, еріктілер жиі көмекке бірінші болып келеді. Еріктілер дағдарыстар мен төтенше жағдайлармен күресудің алдыңғы қатарында, көбінесе өте күрделі және қиын жағдайларда бірінші үлек қосады», - делінген БҰҰ сайтында.

2019 жылы волонтерлік ұйымдардың саны 50-ден астам болса, қазіргі таңда 680-ге жетіп отыр. Сонымен бірге волонтердің саны 2019 жылы 50 мың болса, қазір республика бойынша волонтерлер саны 200 мыңнан асып отыр.

Осы орайда «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Ескендір еріктілердің қызметі жайлы және өз осы жолды қалай таңдағаны жайлы айтып берді.

«Волонтерлікпен жалпы мектеп кезінен бері айналысамын. Әрдайым экологиялық акцияларға қатысып, қарттарға көмек көрсетіп жүретінбіз. Содан кейін, бұл университет қабырғасындағы волонтерлікке ұласты. Күнделікті волонтерліктен басқа есімде қалғаны – ол «ЭКСПО» халықаралық көрмесі кезінде волонтер болғаным. Қалалық еріктілер штабы ретінде біз дәрігерлерге, полицейлерге, кеден қызметінің өкілдеріне, мәдени ұйымдардың қызметкерлеріне белсенді түрде қолғабыс еттік. Менің ойымша, волонтер болуымның басты себебі - менің белсенді өмірлік ұстанымым», - деді Ақерке Ескендір.

Оның пікірінше, волонтер айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын адам.

«Өз іс-әрекетімен қоғамға пайда әкелгісі келетін адам. Біздің қоғамда волонтер мәртебесі өте жоғары деп санаймын», - дейді ерікті.

Осы ретте Ақерке Ескендір жас рухтастармен бірлесіп атқарылатын жұмыс туралы да айтып берді.

«1500-ден астам волонтер 500-ден астам тарихи, мәдени және табиғи мұраны, ескерткіштерді вандализімнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. Қазіргі таңда қала ішінде вандализм іздерімен күресу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында полиция департаменттері мен волонтерлердің құқықтық тәртіпті сақтау бойынша 374 бірлескен акциясы мен рейдтері өтіп, 8,3 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды», - дейді ол.

Сондай-ақ ол «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында 1 мыңнан астам еріктінің қатысуымен синтетикалық есірткі жарнамасы бар 5 мыңнан астам граффити анықталып, жойылғанын айтты.

«Жыл бойы қан тапсыру бойынша «Мен донормын!», қарт адамдарға көмек көрсету бойынша «Ардагерлерді ардақтайық» акциялары іске асырылады. Абай облысындағы төтенше жағдай кезінде 500-ден астам рухтас зардап шеккен тұрғынға колғабыс етіп, гуманитарлық көмекті үлестіру бойынша жұмыс жүргізді. Сондай-ақ, бізде Жаңа жыл қарсаңында өткізетін «Арман ағашы» қайырымдылық акциясы бар. Оның аясында біз ата-анасының қарауысыз қалған бүлдіршіндерге жаңажылдық сыйлықтарды табыстаймыз», - дейді волонтер.

Оған қоса Ақерке Ескендір AMANAT партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты қазіргі таңда еліміздегі ең ірі жастар ұйымы екенін айтып өтті.

«Бізде волонтерліктің бірнеше бағыты қамтылған: мәдени, білім бағыттары бойынша, экологиялық волонтерлік және төтенше жағдай кезінде әрдайым бірінші қатарда ел жанында табыламыз. Бізде еліміздің 20 аймағында 100 мыңнан астам волонтер бар, сондықтан да әрқайсының өз үлесі мен тарихы бар. Барша волонтерді осы мейірімге толы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Іштеріңіздегі жылу ешқашан сөнбесін», - деп түйіндеді Ақерке Ескендір.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланған еді. Мемлекет басшысы Қазақстанда волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы орындалды. 2023 жылдың желтоқсанында Жол картасы қабылданады деп күтілуде. Сол жоба ішінде 2027 жылға дейін волонтерлер қозғалысының мақсаттары мен міндеттері айқындалады.

Серіктес жаңалықтары