«Әрбір тұрғын өз үйіне жауапты»: өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелері қандай
Маман елордада өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізілетін іс-шаралар жайлы айтты
Тұрғын үй мен жеке үйлерде болатын өрт қала халқының қауіпсіздігіне әсер етіп, адам шығынына алып келуі мүмкін. Осы орайда Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Аягөз Фазылова әр адамның қаперінде жүруі тиіс қағидаларды айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол атағандай, өрт қауіпсіздігінің бірнеше қарапайым ережелері бар:
- түтін белгілерін орнатыңыз: әр бөлмеге түтін анықтайтын қондырғы орнатыңыз және олардың жұмысын үнемі тексеріп отырыңыз;
- эвакуация жоспарын зерттеңіз: үйден немесе ғимараттан эвакуация жоспарын қалай пайдалану керектігін біліңіз;
- отпен ойнамаңыз: отпен ойнаудан аулақ болыңыз, әсіресе үй ішінде;
- өрт шығуы: егер өрт болса, қауіпсіз эвакуация жолын пайдаланып ғимараттан дереу шығыңыз;
- көмекке қоңырау шалыңыз: егер сіз өртті байқасаңыз, Өрт сөндіру бөліміне дереу қоңырау шалыңыз, егер сіз оны қауіпсіз орындауға үйретілмеген болсаңыз, оны сөндіруге тырыспаңыз;
- жабық есіктер: өрт болған жағдайда өрттің таралуын бәсеңдету үшін есіктерді жабыңыз;
- балаларға қауіпсіздік туралы үйрету: балаларға өрт қауіпсіздігі негіздерін және өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін үйрету;
Маман атап өткендей, тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігінің сақталуы қалай бақыланатынын айтып берді.
«Әрбір үйдің жеке тұлғасы өз үйінің өрт қауіпсіздігінің дұрыс сақталуына жауапты болады. Яғни, ол дегеніміз үйіндегі пештің, газ плитасының, электр сымдарының және сол секілді күнделікті үйдегі құрылғылардың қарапайым қолданылуын дұрыс сақтап пайдалануы керек. Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғау туралы Заңы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлерге тексеріс жүргізбейді. Тек қана, тұрғын үйлерде профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Нақтырақ айтсақ, өрт қауіпсіздігі туралы жадынамалар, нұсқаулықтар, ұсыным түбіршіктерін табыстайды. Және де үй иесінің рұқсатымен үйіндегі пештерін, газ балондарын дұрыс қолдану жайында ақыл-кеңестерін айтады. Жылыту маусымы басталғалы бері қазіргі таңға дейін Астана қаласы бойынша 31 мыңнан астам үйде профилактикалық аралау жұмыстары жүргізілді», - дейді Аягөз Фазылова.
Оның айтуынша, жылыту маусымы кезінде тұрғындардың өрт қауіпсіздігінің талаптарына ерекше мұқият болған абзал.
«Жылыту маусымы болғандықтан, әрине, біз тұрғын үйлерді аралау барысында пештерді жөндеу, құбырларды күйеден уақытылы тазалау, электр сымдарын қалыпқа келтіру, сондай-ақ пештерде улы газ шығуы мүмкін сызаттардың болмауына көңіл бөлу туралы тұрғын үй иелеріне түсіндіріп және тұрмыста қарапайым өрт қауіпсіздік талаптарын сақтауына назар аударамыз», - деді баспасөз хатшысы.
Ол атағандай, статистикаға сүйенетін болсақ жылыту маусымы басталғанда өрттің өршуі арта түседі.
«Елордамызда жыл басынан бері 550 өрт тіркелген болса, соның 223-і тұрғын үй секторында орын алған. Бұның себептері көбінесе адамдардың немқұрайлығынан, балаларды қараусыз қалдырудан және жылыту маусымына дұрыс дайындалмау себебінен болып жатады», - дейді ол.