«Ғимараттың хостел болып жасақталғанына 1,5 ай ғана болған»: министр Алматыдағы өрт жайлы

Аягөз Құрмаш

Өрт болған жерден адамдардың өздерінің шығуына мүмкіндік аз болған

«Ғимараттың хостел болып жасақталғанына 1,5 ай ғана болған»: министр Алматыдағы өрт жайлы
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы жатақханасындағы өрт туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жүргізілген тергеу нәтижесінде жертөледе қаза тапқан азаматтардың 13 мәйіті табылды. Шығатын жолдардың тар, тыныс алуға болмайтын орта мен  қалың түтін жұмысты қиындатты. Мұның бәрі өртті сөндіруге, барлау жүргізуге және адамдардың тез табылуына кедергі болды. Осыған қарамастан, өртке қарсы қызмет бөлімшесі өз жұмысын аяқтады. Өрт жертөленің дәліз бөлмесінде болған. Жертөледе жинақталған ортопедиялық матрастар болды, олар үлкен өрт жүктемесін жасады. Шынында да, жертөле қалған адамдардың құтқарылып кету мүмкіндігі өте аз болды. Оларды біздің өрт сөндірушілер құтқарды», - деді ол.

Министр матрастар жанып, жанып, түтін концентрациясының үлкен ошағы пайда болғанын айтты. Алайда өрт қысқа мерзімде жойылған.

«Хостелде тұрып жатқан студенттер өздерінің жатақханаға мұқтаж еместігін ЖОО-ға хабарлаған. Студенттердің бұл нысанға орналасқандығы туралы әкімдік өкілдері де, университет мамандары да хабардар болмаған. Келісімшартқа отырмаған. Алматыда өртенген хостел заңсыз жұмыс істеген. Ғимараттың хостел болып жасақталғанына 1,5 ай ғана болған», – дейді Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Еске салсақ, бүгін Алматыдағы хостелден өрт шығып, 13 адам қаза тапты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.