$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет басшысына журналистер құқығының сақталуы бойынша Ұлттық баяндама әзірленеді – депутат

Жанарбек Әшімжан екінші оқылымда талқыланатын мәселелер жайлы айтты

Мемлекет басшысына журналистер құқығының сақталуы бойынша Ұлттық баяндама әзірленеді – депутат
Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжілістің жалпы отырысында «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Заң бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан пікір білдірді.

«Мемлекет басшысының – журналистің құқығын қорғауға бағытталған идеясын біз заңдық тұрғыдан бекітіп, қорғап отырмыз. Енді заң бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімін – үш жылға белгілеу көзделген. Бұл – бір. Екіншіден, әрбір журналист білетін «Принцип золотого часа» деген түсінік бар. Демек, қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларға қатысты дер кезінде билік өкілдерінен қажетті ақпаратты ала алмай сандалып жүрген тілшілер аз емес. Ал қоғам қажетті ресми, нақты ақпаратқа зәру. Осыған орай, заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарының сұрауларын қарау мерзімін 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылып отыр. Бұл өте маңызды. Жұмыс тобындағы талқылаулар өте қызу әрі белсенді түрде өтіп жатыр. Бүгінге дейін 16 жұмыс тобы және 5 арнайы кеңейтілген отырыстар ұйымдастырылды. Жұмыс тобында 100-ден аса есімі елге мәлім журналистер, халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері мен білікті сарапшылар белсенді қатысып жатыр», - деді депутат.

Әшімжанның айтуынша, заң жобасында аккредиттеу құқығын беретін «Пресс-карта» ұғымына байланысты жұмыс тобы мүшелерінің тарапынан қызу пікір қайшылықтары туындап отыр.

«Ашығын айту керек, бұл «пресс-карта» Үкімет тарапынан жүйелі пысықталмаған әрі журналистердің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретін норма екені анық көрініп тұр. Мысалы, пресс-картаны беруші болып мемлекеттік орган бекітілген. Сондай-ақ «пресс-картаны» алу үшін 3 жылдық жұмыс өтілі міндеттелген. Бұл қалай, әріптестер?! Әрине, осындай шектеулері бар норма біздің тарапымыздан қолдау таппайтыны анық. Жұмыс тобының басым көпшілігі бұл норманы демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Бүгінгі отырыста да әріптесім, Қоғамдық палатының төрағасы Айдос Сарым аталған нормаға байланысты нақты сауалы мен қарсы көзқарасын ашық білдірді. Қоғамда да сұрақ-сауалдар аз емес. Оған қоса, бұл норма бойынша «AMANAT» фракциясының да күдік-күмәні бар.

Сондықтан біз екінші оқылымға дейін журналистер қауымын қанағаттандыратындай біржақты шешімге келеміз», - деді депутат.

Тақырыпқа орай: Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Оның айтуынша, еліміздің тарихында бірінші рет журналистердің жай-күйі, олардың құқықтары мен ар-ождан бостандықтарының сақталуы бойынша Мемлекет басшысына арнайы – Ұлттық баяндама әзірленеді.

«Бұл заңмен шегеленді. Осы орайда, баяндаманың ашықтығы мен шынайылығын қоғаммен бірге қамтамасыз етуміз керек. Бұл Ұлттық баяндама Президентке кіретін журналистерге байланысты ең құнды ақпараттық құжат болуы тиіс. Мемлекеттік тілдегі контенттерді дамытуға, шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздікті реттеуге арналған нақты нормалар қарастырылған. Балалар басылымдарын қаржылай әрі материалдық тұрғыдан қолдауға бағытталған нормалар енгізіліп отыр. Бұл мәселелені де біз жан-жақты қолдауымыз керек деп есептеймін. Ұлтты тәрбиелеу үшін, баланы тәрбиелеу керек. Сондықтан балаға құйылған капитал – мемлекеттің жарқын болашағына салынған инвестиция. Бұл – талас тудырмайтын аксиома! Солай ғой, әріптестер?! Енді, ілеспе заң жобасы бойынша қылмыстық, кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, осы кезеңге дейін жұмыс тобы негізгі заң жобасы бойынша 200-ден астам ұсынысты және ілеспе заң жобасы бойынша 50-ге жуық түзетуді қарады.

«Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасы бойынша өздерінің оң қорытындыларын берді. Редакциялық және стилистикалық сипаттағы ескертулер мен ұсыныстар болған, ол нормалар да пысықталды, нақтыланды және редакциялық тұрғыдан жетілдірілді. Осы орайда, жұмыс тобының әрбір мүшесіне жемісті жұмыстары мен белсенді пікірлері үшін алғысымды білдіремін. Жұмыс тобының жетекшісі ретінде негізгі өзгерістерге қысқаша тоқталып өттім. Біле білсеңіздер, қолданыстағы заңнаманың өзіне 24 жыл толып отыр. Дегенмен әлем өзгерді, заман өзгерді, қоғам толассыз дамуда. Өмірімізге жаңа медиалар енді. Бүгінгі заманның негізгі қаруы – ақпарат», - деді Жанарбек Әшімжан.

Серіктес жаңалықтары