Мәжілісте телеарналардағы қоғам наразылығын тудыратын бағдарламаларды шектеу жайы талқыланады
Оның ішінде «Қосылайық» пен «Қалаулым» бағдарламалары да бар
Мәжілістің жалпы отырысында «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Заңды талқылау барысында «AMANAT» фракциясының мүшесі Ринат Зайытов талқылау кезіндегі ұсыныстар туралы айтып, сұрақ қойды.
«Мен жұмыс тобында болдым. Біздің ұсынысымыз әу баста масс-медиа саласында қазақ тілінің үлесі 80-де 20 пайыз болсын дегенбіз. Кейін ақылдаса келе 70-те 30 пайызға тоқтадық. Ол-қабылданған позиция. 60-та 40 пайыз дегеніміз ұят болады. Себебі мемлекеттік тілде сөйлей алатын қауым 82 пайыздан асады. Халық барда, мемлекет барда БАҚ өлмейді. Жеке меншік БАҚ демекші, қазір қоғам наразылығын тудырған бағдарламалар көп. «Қосылайық» пен «Қалаулым» бағдарламаларынан басқалары да бар. Оның зардабын да халық тартып жатыр. Анау-мынау бағдарламалардан танылып алған жастар онлайн-платформаларын жарнамалайды. Дәлел бар оған. Оның сыртында неше түрлі ток-шоулар бар. Өзінің қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны неге көруіміз керек телеарнадан? Телеарнадан өзінің жынысын өзгерткен адамдар жайлы бағдарламаларды неге көруіміз керек? Осындай бір ұсыныс бердік, мониторинг жасайық, тоқтатайық деп. Қоғамдық бірлестіктер «мына заңда былай, мында былай» деді. Осы орайда сұрағым, осы заң аясында осыларға мониторинг жасап, тоқтата алатын тетік бар ма? Болмаса, екінші оқылымда қарай аламыз ба?», - деді Ринат Зайытов Ақпарат министріне.
Министр Аида Балаева аталған бағдарламалар қоғамда пікірталас тудырып жатқанын мойындады.
«Ана ретінде, мемлекеттік қызметші ретінде сіздің жанайқайыңызды түсініп отырмын. Десе де, біз мемлекеттік орган ретінде ондай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. Мен оған кепілдік беремін, ақша төленбейді. Ондай бағдарламаларды БАҚ өздерінің қаржысына түсіріп отыр. Ол мәселе қоғам болашағына септігін тигізетін болғаннан кейін бұл мәселені екінші оқылымда қарауға дайынмын. Екіншіден, сол БАҚ жетекшілерін шақырып, осы мәселеге қатысты талқылауға дайынмын. Себебі оның тұжырымдамасы бар. Бір жылдық, екі жылдық дүние емес, қанша жыл айтып жүрміз. Өкінішке қарай, сондай бағдарламаларды тапжылмай көретін адамдар бар. Осыны дұрыстап қарайық. Мен онымен келісемін», - деді ол.