Алматыда 444 мың адамның медициналық сақтандыруы жоқ
15 түрлі жеңілдік санатына кіретін азаматтарды мемлекет сақтандырады

Алматыда 1,7 миллионнан астам тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысады. Олардың бәрі МӘМС пакетіндегі қызметтерді кедергісіз пайдалана алады. Алайда тегін медициналық көмекті алуға мүмкіндігі жоқ тағы 444 мың адам бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматыдағы №11 қалалық емхана директоры Нұрлан Отарғалиевтің айтуынша, сақтандыру жүйесіне қатысудың өзіндік артықшылықтары бар. Себебі МӘМС пакетінде қатардағы қызметтерді былай қойғанда, құнын көпшілік қалтасы көтере бермейтін көмек түрлері де баршылық. Сондықтан медициналық көмекке кез-келген уақытта жүгіну үшін қазірден бастап сақтандыру мәртебесін алу керек.
«МӘМС пакеті медициналық көмектің көптеген түрлерін қамтиды. Жұмыскерлерді жұмыс беруші, балалар, мүгедектер, зейнеткерлер сынды 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтарды мемлекет сақтандырады. Ал, өз бетінше жұмыс істейтін дербес төлеушілер жарнаны өздері аударады», - дейді Нұрлан Отарғалиев.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар сақтандыру статусына ие болу үшін екі түрлі тәсілді пайдалана алады.
«Алдағы 12 айға жарна төлеу. Осы айда статусқа ие болу үшін 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың қазанына дейінгі аралық үшін әр айға 3500 теңгеден (бұл ең төменгі жалақының 5%) жарна төленеді. Жарнаның жалпы сомасы 42 мың теңгені құрайды. Сол арқылы алдағы бір жыл бойы жоспарлы медициналық көмекке кедергісіз жүгінуге болады. Егер төлем уақыты айдың соңына тұспа-тұс келсе, жарнаны келесі айдан бастап төлеген дұрыс.
Екіншісі – өткен 12 айға жарна аудару. Бұл тәсіл өткен 12 ай ішінде бірнеше айға төлем жасаған азаматтар үшін тиімді. Ондай жағдайда жарна төленбеген айлар үшін ғана төлем жасалады», - деді ол.